Шалқар көлі суалып барады
Балықтар мен өсімдік түрлері де күрт азайып кетті. Оның үстіне туризм саласы тіптен ақсап тұр. Ал шипалы көлге ағылған туристердің саны азайған емес. Алайда экологиялық жағдай көпшілікті толғандырып отыр.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Аптап ыстықта, міне, көпшілікпен бірге шипалы көлдің жағасына демалуға келдік. Алайда, байқағанымыздай, Шалқардың шырайы тіптен қашқан екен. Қазір жағалау шамамен жарты шақырымға дейін кері шегінген.
Бексұлтан Өмірәлиев, турист:
- Отбасымызбен демалуға келді. Суы тартылып, таязданып бара жатқаны болмаса, Шалқар – керемет көл. Жыл өткен сайын тартылып бара жатыр ғой.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Жағалау тазалығы да айтарлықтай мәселеге айналып тұр. Жергілікті әкімдік аумаққа бірер контейнер орнатқан. Дегенмен жүздеген адам демалатын орынға бұл, әрине, жеткіліксіз.
Мейірбек Сұлтанов, Шалқар ауылдық округінің әкімі:
- Бізде биржа жұмыстары бар. Енді барлық кісі бірдей емес. Қоқыс шашатындар бар, артын жинап кететіндер де бар. Көлдің айналасын биржаның адамдарымен барып жинап тұрамыз.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Маңайда қаздай тізілген жүзден астам киіз үй бар. Оларды Шалқар ауылының тұрғындары құрған. Осылайша қосымша табыс тауып отыр. Ал олардан ешқандай салық алынбайды. Киіз үйлер тәулікке жалға беріледі. Демалыс күндері баға 2 есе өседі.
Батырбек Сисенғалиев, Шалқар ауылының тұрғыны:
- Өзімде 2 киіз үй бар. Жазғы маусымда өзімізше қосымша табыс жасаймыз. Киіз үй құрғанымызға екі аптадай болды. Шағын киіз үйлерді 3-4 мыңға бере береміз. Демалыс күнлері 10 мың теңгеге дейін барады.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Көлдің суы тұзды. Сондықтан түрлі дертіне шипа іздеген жандар мұнда жиі келеді. Алайда демалыс орнындағы қызмет сапасына туристердің көңілі толмайды.
Клара Абдуәлиева, турист:
- Менде остеохондроз, сол үшін жылда Шалқарға келемін. Жазда айына 2 рет келуге тырысамын. Керемет табиғат бұзылып жатыр. Осыған көбірек көңіл бөлу керек. Дәретханаларды жаңа келе жатқанда көрдік. Жағадан алыста орналасқан. Демалушыларға жағдайды жергілікті ақша істеп отырғандар жасау керек қой.
Айнұр Лұқпанова, Теректі аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Ауданда 21 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Соның ішінде Шалқар көлі маңынан демалыс орнын салу да бар. Жобаның инвестициялық көлемі 3 млрд теңгені құрайды. Жобаны жүзеге асыру 2021-2026 жылдар аралығында деп жоспарланып отыр.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Шалқардың суы дәл қазір жап-жасыл, оның үстіне тайызданып кеткен. Мен қазір жағалаудан шамамен 100 метрдей қашықтыққа ұзап кеттім. Алайда, міне, су тіпті тіземе де жеткен жоқ. Ал шомылу үшін алға қарай тағы 200-300 метрдей жүруіме тура келеді.
Қажымұрат Ахмеденов, география ғылымдарының кандидаты:
- Жайық-Шалқар каналы, Барбастау-Шалқар каналдары мәселені шешеді деп ойламаймыз. Өйткені Жайықтың өзі азайып бара жатыр. Циклдік құбылыс деп атауға болады. Бір кездері судың мөлшері жоғары болады, бір кездері азаяды. Бұл кезеңдер 20-47 жыл арасында ауысып тұрады. Егерде табиғатта судың мөлшері жоғарыласа, Шалқардың көлемі өсуі мүмкін. Бұл 2040-2050 жылдары байқалуы мүмкін.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Мұнда келетін туристердің саны азайған емес. Барлығы көлдің экологиялық жағдайына алаңдаушылық білдіреді. Шалқар қоғам мен биліктің көмегіне мұқтаж.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов