Семей полигоны туралы арнайы заң қабылданады
Ұлттық ядролық орталық мамандары 13 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеу жұмыстарын аяқтауға жақын. Бұл ғалымдарымыздың ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына жасаған тартуы болмақ.
Семей сынақ алаңының жер көлемі 18 мың шаршы шақырымнан асады. Оған Израиль, Бельгия, Словения сияқты мемлекеттер еркін сияды екен. 1992 жылдан бері бұл жерде Ұлттық Ядролық Орталық мамандары қыруар шаруа тындырды. Бүгінде кешенді зерттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мәселен, 1949 жылғы ең алғашқы ядролық сынақ жүргізілген алаңда мыңнан астам ұңғыма қазылып, 2 миллионнан астам спектометрлік сынама алынды.
Ерлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:
- Дүниежүзінде тұңғыш рет 100-ден астам жер бетінде жарылыс жасалған алаң толық қауіпсіз қалыпқа келтірілді. Біз бұл жерді бірнеше күн бұрын ғана Ұлттық Гвардияның күзетіне өткізіп бердік. Менің пайымдауымша, Семей сынақ алаңының аумағы енді жоқ дегенде 2 есе кішірейеді. Оған тек ядролық сынақтар жасалған алаңдар енеді де арнайы қоршалып, зерттеу жұмыстары жалғаса береді.
Ғалымдардың бас қатырған тағы бір дүниесі полигонға жақын маңдағы елдімекендердегі радиациялық ахуал еді. Бұл мақсатта мыңдаған маңызды зерттеу жасалып, жүздеген жоба қолға алынды.
Андрей Паницкий, Экожүйені кешенді зерттеу бөлімінің басшысы:
- Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, ауылшаруашылық өнімдерінде радионуклидтер қалыпты нормада. Полигонмен шекаралас ауылдардың өсімдіктері мен ет, сүт, қымыз сияқты мал өнімдері адам денсаулығына қауіпсіз. Тек жарылыс болған жерлерде радиациялық ластану әлі де жоғары.
Жергілікті халық Атом көлі мен оның маңайындағы өзендердегі қауіпсіздік жөнінде де білгісі келетін. Ол үшін сынақ алаңынан бастау алатын өзендер мұқият тексерілді.
Медет Ақтаев, Мониторингтік зерттеулер зертханасының жетекшісі:
- Адам ағзасына зиян тигізетін заттар Семей сынақ алаңында орналасқан. Сол сынақ алаңынан шыға берісте беттерінде судағы радиациялық деңгей төмендей бастайды да, Ертіске қауіпсіз өзен құйылады, радиациялық деңгейі төмен, ешқандай қауіп келтірмейтін деңгейдегі су құйылып жатыр.
Павел Кривицкий, спектрометрлік зерттеулер тобының жетекшісі:
- Шынын айтқанда, қорқатын дәнеңе де жоқ. Мәселен, электр қуаты алғаш пайда болғанда, ол да үрей туғызған. Тек әр нәрсенің өз ережесін, тәртібін сақтау керек. Сондықтан туризмді дамыту арқылы біз полигон тарихы мен бейбіт күндегі болашағын көпшілікке тереңірек ұғындыра аламыз.
Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 40 жыл елді қан қақсатқан полигонның жабылғанына 30 жыл толады. Қазақстан – әзірге әлемде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет. Ал Семей сынақ алаңы – бүгінде адамзат баласы үшін ізгі мақсаттарды көздейтін жалғыз полигон.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы