Жамбыл облысында мал азығын әзірлеу жұмыстары қарқын алды
Шөбі шүйгін өңірде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, шаруаларға мемлекеттік қордағы шабындықтарды оруға рұқсат берілді.
Жамбылда шөпке сұраныс жылдағыдан жоғары. Өңірді мал азығымен Мойынқұм ауданы қамтамасыз етпек. Жергілікті шаруалар тың алқаптарды игеріп, пішенді артығымен шабуға көшкен.
Шәймерден Исабеков, шаруа:
- Мойынқұм ауданында Жамбыл облысына жететін шөп бар. Бірақ оған күш керек. Қашық болғаннан кейін техникаға шығын көп кетеді.
Аймақта мал азығының өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 20% дейін төмен. Осыған байланысты Мойынқұмның мол мүмкіндігі пайдаланылмақ. Мұнда жылда 10 мың гектар орылатын болса, биыл тағы 15 мың гектар алқапты шабуға рұқсат берілген. Қазір онда 28 бригада жұмыс істеп жатыр.
Ержан Әмірханов, Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары:
- Мойынқұм ауылы Құмөзек ауылдық округінен Ұланбел ауылдық округіне дейін созылып жатыр. Артылған мал азықтарын басқа аудандарға, облыстарға беріп, сатып жатыр.
Қолында техникасы бар көрші Алматы, Түркістан облыстарының шаруалары Мойынқұмның шөбін өздері шауып, жинап алып жатыр. Нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін арнайы жәрмеңке де ұйымдастырылмақ.
Қайрат Аманов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Баға күнделікті нарық бағасынан төмен болады. Одан бөлек жеке қосалқы шаруашылықтарға өткеру мәселесін ұйымдастырамыз.
Өңірде 992 мың бас мал бар. Оған 1 миллион 700 мыңнан астам азық қажет. 50% жиналған. Қазір облыс бойынша шөп тапшылығы Жамбыл, Қордай, Сарысу, Талас, Байзақ аудандарында сезіліп отыр. Мамандар бірінші кезекте облыс қажеттілігін қамтамасыз етуге күш салмақ.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев