Алматы облысының Талғар ауданында жер дауы туындап отыр
Аудандық әкімдік жол құрылысы үшін фермерлерден 45 жер телімін сатып алады. Бірақ прокуратура: «Жерлер тым қымбат сатылды», – деп, келісім-шарттың күшін жояды. Фермерлерге ақшаны мемлекетке қайта қайтарыңдар деп талап қойылғанымен, шаруаларға жерлері берілмеген. Ал құрылыс компаниясы болса, жұмысты бастап та кетті.
Талғар ауданының тұрғыны Дина Қалабаеваның бұл тұста 1 гектардан астам жері болған. Мемлекеттің қажеттілігі үшін, атап айтсақ, Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы салынады деген соң 21 миллион теңгеге сатқан. 2012 жылы нарықтағы баға сондай болған. Бірақ содан бері мазасы кеткен.
Дина Қалабаева, жер иесі:
- Жерді алу үшін несие алдым, қарыз алдым. Ақшаны бергенде барлық несиені жаптық, қарызды төледік. 2014 жылы ақпан айында бізді бұғатқа қойды, сотқа берді. Содан бері әлі біз үйімізді де, көлігімізді де, жеріміз де бәрі бұғатта тұр. Содан бері біз шаршадық.
Себебі аудандық прокуратура жалпы көлемі 25 гектар болатын 45 жер телімі «өте қымбат бағаланған» деп Экономикалық сотқа арыз түсіріпті. Нәтижесінде сот жерді иелеріне, қаражатты мемлекетке қайтару туралы шешім шығарған. Бірақ шешімді орындау мүмкін болмайды. Өйткені әкімдік жерге жаңа мемлекеттік акті жасап, Автомобиль жолдары комитетіне тапсырады. Қазіргі таңда мұнда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Құзырлы орган өкілдері: «Жер дауы сот орындаушыларының қателігінен туындады», – дейді.
Махаббат Шакарова, Талғар аудандық прокуратурасының аға прокуроры:
- Сот шешімінде жер иелеріне төленген қаражат көлеміне ғана шектеу қою туралы ашық жазылған. Яғни сот орындаушылары асыра сілтеген. Біз құжаттарды қайта көтердік. Аймақтық сот орындаушыларына жол құрылысынан тыс жатқан жерлерді, сондай-ақ басқа да мүліктерінен шектеулерді алып тастау туралы хат жібереміз.
Әлішер Ахметов, Талғар аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының м.а.:
- Қазіргі уақытта 45 жер телімін қайта бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бағалау біткен соң, жер иелеріне қайта төлем жасау бойынша жаңа өтініш беріледі. Бірақ қосымша қанша ақша төленетіні сараптамадан кейін белгілі болады.
Тұрғындар осы күнге дейін мемлекетке қарыз болып келген еді. Енді мемлекет оларға қарыз болып шықты. Жергілікті әкімдіктің қателігі бюджетке тағы салмақ түсірмек.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев