Павлодарлық кәсіпкерлер вакцина салдырғандар арасында ақшалай ұтыс өткізуде
Кәсіпкерлер вакцина салдырғандар арасында ақшалай ұтыс өткізе бастады. Үш тұрғын қомақты қаржыға ие болған. Осылайша, қарапайым кондитер миллионер атанды. Мария Помазкина екпе салдырып, ұтысқа қатысқан. Нәтижесінде жолы болып, 1 млн теңге иеленді. Тосын жаңалықты жұмыста жүргенде естіпті. Ол бірден сенбегенін айтады. Көрсетілген мекен-жайға барғанда қомақты сома жеңіп алғанын білген.
Мария Помазкина, кондитер:
- Қуанышымда шек жоқ. Қазіргі уақытта жолдасыммен пәтер алуға ақша жинап жатырмыз. Бұл үлкен көмек қой. Рахмет айтамын.
Жәмилә Ерназарова – халықты ынталандыру бастамасын көтерген кәсіпкерлердің бірі. Әріптестері мұрындық болған челленджден таса қала алмаған соң, өзі де ұтыс өткізген. Кәсіпкер вакциналауды қауіпті кеселден арылудың жалғыз жолы деп біледі.
Жәмила Ерназарова, кәсіпкер:
- Байқауға қатысудағы басты талап – екпе алып, купонды толтыру. Конкурсты өткізуге волонтерлер көмектесті. Олар екпе пункттерінде жұмыс істеді. Байқау үшін халық көп жиналатын емханаларды таңдадық. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бизнесмендердің қолдауына риза. Байқаулар ұйымдастырғалы екпе салу көрсеткіші артқан.
Эльмира Темірғалиева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Бұл біздің халық үшін өте қызықты. Олар денсаулықтарына үлкен жауапкершілікпен қарайтынына сенімдіміз. Челленджді бастаған кәсіпкерлерге көмек жасаймыз. Қандай да бір бастама бастаса, челленджді жалғастырса екен. Қандай жағдайда болсын барынша көмек көрсетеміз.
Аймақта эпидахуал әлі тұрақталған жоқ. Бүгінде инфекциялық төсек-орындардың 40% толық. Соңғы тәулікте коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 147 дерегі тіркелген. Аурумен күрес мақсатында вакциналау науқаны күшейтілді. Бүгінді бір тәулікте 6 мыңға жуық павлодарлық екпе алуда.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат