Жамбыл облысында да қуаңшылық шаруаларды қыспаққа алды
Оның үстіне жем-шөп бағасының күрт қымбаттауы «жығылғанға жұдырық» болып тиді. Шаруалар мемлекеттен көмек сұрайды. Мал азығынан тарыққан шарулар арыз-шағымдарын арқалап, ауыл шаруашылығы басқармасына барды. Олардың айтуынша, мамандар шөпті Шу мен Мойынқұм аудандарынан тасымалдауды ұсыныпты. Алайда бұл үлкен шығынды талап етеді.
Қадырқұл Мышбаев, шаруа:
- Ол жақтан бері қарай тасу үшін көлік керек. Бір КАМАЗ жалдау үшін 500 мың жұмсалады. ОЛ жақта үлкен-үлкен қамыс, құнарсыз. Мен 97 жылдан бері шаруа қожалығын құрған адаммын. Бірақ бір адамның келіп, біздің жағдайымызды сұрағанын естіген жоқпын.
Жантақбай Есбергенов, шаруа:
- Биылғы жылы мынандай қуаңшылық болып жатыр. Өте қиын. Жем-шөп болмай қалды. Аз мөлшерде ғана. Соған мемлекеттен сұрайтынымыз, министрліктен сұрайтынымыз, соған қаражат бөлсе.
Былтыр мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 800 бас ұсақ мал сатып алған Қарасай Каримовті де қытымыр қыстың қамы қынжылтады. Егер жем-шөп дайындау мәселесі шешілмесе, төккен тер текке кетуі мүмкін.
Қарасай Кәрімов, шаруа:
- Мал қырылған жағдайда субсидиясын қайыра алмаймыз. Қайыратын жағдайымыз жоқ. Малдың басын сақтау үшін өзіміз тірлік жасап, шабындыққа әкеліп, жайып жатырмыз. Шабындықтың да шөбі өте төмен. Оруға келмейді. Ал тауда су жоқ.
Облыстағы төрт түліктің қысқы азығын дауындау үшін 1 млн 700 мың тонна шамасында шөп жинау қажет. Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері жоспардың 75% орындалғанын алға тартып отыр. Алайда нарықтағы баға шарықтап кеткенін жасырмады. Шенеуніктер аймақта жем-шөп жәрмеңкелерін ұйымдастырмақ. Ал шаруаларға субсидия беру мәселесі әзірге шешімін тапқан жоқ.
Ерлан Құлкеев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы мәселені зерделеу және мониторингтау, ауыл тұрғындарын шөппен қамтамасыз ету бойынша әр ауданға бір-бір жұмыс топтары құрылып, одан бөлек әр басқармадан әр ауданға бекітіліп, бұл бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Ал енді шөп дайын емес, «ондай қор біздің облысымызда жоқ» деген бұл шаруашылықтардың айтып жатқаны себепсіз. Нақты бұл кісілер ондай дәлел айта алмайды.
Шаруалар мамандардың саланы саралап, уақытты сағызша созып жүргеніне алаңдаулы. Олар нақты қолдау шаралары жүргізілгенін қалайды. Әйтпесе аймақтағы миллионға жуық малдың саны күрт азайып кетуі ықтимал.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Бакытжан Бапаев, Руслан Ахатилла