Алексей Цой: COVID-19 жұқтырудың тәуліктік дерегі 5 есе өсті
Арнайы брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай мәлімдеді. Министрдің айтуынша, соңғы екі аптада індет өршіп кеткен. Маусым айымен салыстырғанда ковид жұқтырудың тәуліктік дерегі 5,2 есе өскен. Осыған байланысты ауруханалардағы төсек орын бір жарым есе ұлғайтылған. «Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесіне былтырға қарағанда екі есе салмақ түсіп отыр», - дейді ведомство басшысы. Бүгінгі күні елімізде 90 мыңға жуық науқас тіркелген болса, оның 25 мыңдайы стационарда, ал 65 мыңға жуығы амбулаториялық ем алып жатыр. Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен тағы бірнеше облыс тәуекел аймағында тұр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бірқатар өңірдің денсаулық сақтау жүйесі жоғары жүктемемен жұмыс істеуде. Бүгінгі күні өңірлердегі инфекциялық стационарларда орын толық. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемесіне, сондай-ақ халықтың медициналық көмекке уақтылы қол жеткізуінің төмендеуіне де алып келуі мүмкін. Ал бұл өлімнің, сырқаттанушылықтың өсуіне және инфекцияның одан әрі таралуына әкелуі мүмкін.