Шымкент тұрғындары: үй маңы өлексе мен құрылыс қалдығына толды
Тұрғындардың айтуынша, мал өлексесі мен құрылыстан шыққан қоқыс қалдығынан, үйдің маңы үйіндіге айналған. Тұрғындарды алаңдатып, бала өміріне қауіп төндірген аймақ тіпті гео-порталдың ғарыштық түсіріліміне іліккен.
Абай ауданына қарасты Шардара көшесінің тұрғындарын күндіз жағымсыз иіс пен шыбын-шіркей мезі етуде. Ал түнде әдетке айналған қоқыс төгушілермен арпалысып әлек болады. «Тәртіп бұзушылардың дені «Қоқыс тастама, айналаны ластама» деген көше тақтайшаларының жоқтығын алға тартады», – дейді.
Ақерке Сапарова, қала тұрғыны:
- Қанша рет артынан жүгіріп, күйеуімізбен қосылып ұрыссақ та бәрібір қоқысты төгіп кетіп салады. Полицияға да нөмірлерін жібердік, нәтиже жоқ. Сол үшін шлагбаум немесе камера орнатса, жақсы болар еді.
Ағынды су Қошқар ата мен Бадам өзені маңына жағалай орналасқан халықтың мәселесі бұл ғана емес. Балалар ойнайтын алаң жоқ. Сондықтан қоқысты қуыршақ етіп, жиі ауырады. Өзенге құмартып өлім құшқан қайғылы оқиғалар да болған.
Бану Ахметова, қала тұрғыны:
- Малдың өлігін де әкеліп тастайды. Жел болса, иісі үйімізге келеді. Арық шығатын жеріміз осы жер. Бала-шағамызбен шығамыз, бірақ 5-10 минуттан соң қайтып кіріп кетеміз. Иіс деген сұмдық, айта алмаймын.
Жергілікті биліктің инвестор тарту мәселесі бұл маңды да қызықтырған сыңайлы. Келіссөздер сәтті жүзеге асса жақында су спорты дамып, қоқыс өңдейтін өндіріс ошақтары да салынуы мүмкін.
Ғалымжан Ілиясов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы:
- Бадам өзенінің бойын қазір инвесторлар қарап жатыр, ниет білдірген азаматтар да бар. Осы жерге саябақ салып, арасында адамдар демалатын кәсіпкерлік нысанына айналдыруға ниетті.
Биыл Шымкент қаласы аумағында қоқыстан көз ашпаған дәл осындай 36 орын анықталды. Бұл геопорталдың ғарыштық түсірілімі кезінде көрінді. Көрсеткіштің қуантқаны сол өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда азайған. Былтыр 88 орын тіркелген болатын. Заң аясында тәртіп бұзып, қала тазалығын ластаушыларға айыппұл мөлшері де қомақты.
Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаменті басшысының орынбасары:
- ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 344-бабына сәйкес жеке тұлғаларға және шағын кәсіпкерлерге 100 МРП, орта кәсіпкерлікке 200 МРП, ірі кәсіпкерлерге 500 АЕК мөлшерінде айыппұл қаралған.
Қарапайым халық тазылықты жиі жүргізіп, тәртіпсіздердің заңсыз әрекетін алдын алса екен деп сұрайды. Бейнебақылау камераларын орнатуды талап етеді. Себебі мәселенің салдарын жоюдан гөрі, тазалықты сақтау анағұрлым жеңіл.