АНТИРЕКОРД: елімізде бір тәулікте 7 778 адамнан СOVID-19 анықталды
Тек бір тәуліктің ішінде індеттен 101 адам көз жұмған. Ал ем қабылдап жатқандардың арасынан 1 мың 639 адамның жағдайы ауыр, 180 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Кеше тағы 7 мың 778 адамнан вирус анықталды.
Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жағдай ушығып тұр, мұнда күніне 1,5 мыңнан аса адам ауру жұқтырып отыр. Қарағанды облысында да науқастар саны күннен-күнге артып барады.
Елдегі ахуалдың нашарлауына байланысты Бас мемлекеттік санитар кеше жаңа қаулыға қол қойған болатын. Аталған құжатта «қою қызыл» аймақ деген ұғым пайда болды. Бұл аймаққа тәуекел деңгейі өте жоғары өңірлер кіргізіледі. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес қазір 16 өңір «қызыл» аймақта, бір облыс «сары» аймақта тұр. «Жасыл» аймақта әлі бір де бір өңір жоқ.