Қарағанды өңіріндегі Шерубайнұра өзені тартылып барады
Шерубайнұра – Орталық Қазақстандағы ең ірі өзендердің бірі. Қарағанды өңіріндегі бірнеше су қоймасы дәл осы өзеннің бойында тұр. Алайда биыл судың деңгейі айтарлықтай түсіп кеткен. «Тіпті қуаңшылық жылдары да мұндағы су дәл осылай тартылмаған», – дейді жергілікті жұрт. Қазір бұл маңды қамыс басып кетіпті.
Шәкен Аршамаева, Қарамұрын ауылының тұрғыны:
- Ол сулардың орнына қамыс өсіп жатыр. Ол қамысқа әр түрлі шыбын-шіркейлер келеді. Сосын ауылға аурулар әкеледі. Ешқандай жағдайымыз жоқ, малға су ішетін жер жоқ. Адамдар салған бақшаларға су құя алмаймыз.
Қарамұрын ауылының тұрғындары: «Судың тартылуына осы маңдағы картоп егетін шаруашылық кінәлі», – дейді. Айтуларынша, олар бірнеше гектар алқапқа еккен көкөністерін өзен суымен суарады екен.
Нұрлыхан Бейсенбаев, Қарамұрын ауылының тұрғыны:
- ЖШС сорғы қойды. Ана жерде қатарынан 15 сорғы тұр. Әр жақта картоп салып жатыр. Сол картопқа бүкіл судың бәрін тасып, алып кетті. Біздің айтарымыз, сорғының бәрін алып, суаруды тоқтатсын.
Алайда бағбандар өзеннің тартылуын биылғы қуаңшылықпен байланыстырады. Судың азайып кеткенін олар шілденің басында байқаған. «Содан бері картопты суару мүмкін болмай тұр», – дейді. Өзеннен күнделікті қанша су алғаны әрбір сорғыда орнатылған есептегіш құралда анық жазылып тұрады екен.
Сергей Шибанов, компания директоры:
- Біз өзен суын пайдалану үшін тиісті мекемелерден рұқсат алғанбыз. Сол құжатта көрсетілген мөлшерден артық алмаймыз. Өзеннің тартылуына басқа жағдай себеп деп есептеймін. Бұрындары арнайы платиналар салынып, сол арқылы өзен суы толықтырылып отыратын. Қазір оның бірі жоқ. Оның үстіне биылғы жаз жаңбырсыз болды. Тіпті жерасты суларының да деңгейі анағұрлым түсіп кеткен.
Мамандар соңғы екі жыл қатарынан өңірде қуаңшылық болғанын растайды. Қарғын су да қарық қылмай тұр.
Мүслім Аққожин, Нұра-Сарысу бассейні инспекциясының басшысы:
- Біз жаздың осылайша, жаңбырсыз болатынын күткен жоқпыз. Қуаңшылықтың салдары өзен-көлдерге де әсер етіп жатыр. Ал картоп егетін шаруашылыққа рұқсат бергеніміз рас. Себебі оларды да сусыз қалдыруға болмайды. Өңірдегі азық-түлік қорын жасақтайтын ең ірі компанияның бірі ғой.
«Бұл мәселеде ең ұтымды жол – картоп алқаптарына тамшылатып суару технологиясын енгізу», – дейді мамандар. Ал қуаңшылықтың әлі қаншаға жалғасатынын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев