Ақтөбе облысында үш бірдей ауыл газ желісіне қосылды
«Nur Otan» партиясының жол картасына сәйкес 2025 жылға дейін тағы 104 ауыл газбен қамтамасыз етілуі тиіс.
Бұл – жыл басынан жүргізілген қауырт жұмыстың нәтижесі. Ырғыздағы Шеңбертал, Ақши, Құрылыс ауылдарына газ құбыры Шалқар ауданынан тартылды. Ақтөбеден шалғайдағы халық жыл сайын 10 тонна көмірді 200 мың теңгеге сатып алатын.
Гүлмира Жоламанова, Шеңбертал ауылының тұрғыны:
- От сөнсе, үйдің күші кетіп қалады. 10 қазаннан бастаймыз ғой. Содан майға дейін жағатын күндеріміз болады. Қазір міне, керемет, көгілдір отынмен қуанып жатырмыз. Жұмысымыз жеңілдеді. Енді от жақпайтын болдық.
Ғасырға жуық тарихы бар Ырғыз ауданында бұған дейін тек 2 ауыл көгілдір отынмен қамтылған болған. Биыл облыстық бюджеттен 328 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, тағы үш ауылға газ құбыры тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Ержан Мұздыбаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Ырғыз ауданы бойынша Құтикөл елді мекенінде қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек Нұра елді мекенінде жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді. Аманкөл, Жарма елді мекендеріне жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Жалпы биыл өңірде 14 елді-мекен көгілдір отын желісіне қосылуы тиіс. Нәтижесінде облыс тұрғындарының 92,6 % табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков