БҚО-дағы бірқатар аудан шаруалары маңғыстаулықтардың күйін кешуі мүмкін
Соңғы жылдары өзендердің арнасы тарылып, көл табандары кебе бастаған. Соның салдарынан шөп шығымы да нашарлап барады. Фермерлер қытымыр қысқа қамдана алмай отыр. Шақшадай басы шарадай болған шаруалар мемлекеттен көмек сұрайды.
Су іздеп құр сүйегі қалған малдар кеуіп кеткен тоғандардың орнындағы ми батпаққа батып жатыр. Талай түлік дәл осылай өліп те қалды. Әсіресе Жаңақала ауданында жағдай ушығып тұр. 17 көлтабанның қазір тек екеуінде ғана су бар. Тіршілік нәрінің тапшылығы шөп шығымына да кері әсерін тигізері түсінікті. Мал азығын дайындау мұңға айналды. Амалы құрыған шаруалар облыс әкімімен кездесу үшін қалаға өздері келді. Қызу еңбек маусымында олар шабындық басында емес, дәл осылай атқарушы органдардың табалдырығын тоздырып жүруге мәжбүр.
Айдар Еспенбетов, шаруа қожалығының басшысы:
- Төрт жылдан бері жыл сайын қайталанып келе жатқан жағдай – су тапшылығы, көлтабандарға судың шықпауы. Шаруа қожалықтарының қазір қиналып жатқан кезі. Олардың (әкімдіктің) есебі бойынша біздер 40-50% мал азығын дайындады деп айтып жатыр. Осы тұрған мал шаруашылықтарымен айналысатын жігіттер 20-30% ғана дайындаған болар.
Біржан Айғалиев, шаруа қожалығының басшысы:
- Жеке шаруамен емес, жалпы халық үшін келіп отырмыз. Мұқыр өзені, ол тіпті 5-6 жылдан бері құрғап, кеуіп жатыр. Ол – Жаңақала мен Мәштексайдың бүкіл малы суға түсетін жері. Былтыр қатты қуаңшылық болды. Сиырлардың жылқының боғын жегенін көрдік, өмірде естімеген, көрмеген нәрсемізді көрдік.
Аймақтағы барлық гидрожүйелердің күре тамыры – Жайық өзені. Ол өзеннің деңгейі жыл санап төмендеп барады. Үлкен қазан ортайса, кіші қазаннан қайран болмасы белгілі. Шаруалардың біразы мемлекеттік бағдарламалар аясында асыл тұқымды мал сатып алды. Алайда қазір несиені төлейтін мұршалары жоқ. «Су тапшылығы шешілмесе, түліктерді сойып, сатудан басқа амалымыз қалмайды», – дейді олар.
Нұрсұлтан Хамитұлы, шаруа қожалығының басшысы:
- Енді кепіл салып отырмыз ғой. Пайызбен ақшаны қайтарып отырмыз. Мемлекет бағдарламасымен жұмыс істеп отырмыз. Бұрын ауылдағы қожалықтарда шөп өздерінен ауысса, сататын еді. Қазір енді ол қожалықтардың өзінде шөп жоқ.
Уәжі мен үмітін арқалап, алыстан келген шаруалар аймақ басшысымен ақыры кездесе алмады. Облыстық кәсіпкерлер палатасында түрлі саяси құрылым өкілдерімен бірге мәселе талқыланды. Былтыр Жайықтың жоғарғы ағысынан келетін суды Ресейден сатып алуға қаражат аз бөлінген. Тиісінше қуаңшылық болып, төрт түлік қыстан әрең шықты. Ал биыл қаржы кеш қаралған көрінеді.
Серік Жарылғапов, Қазақстан фермерлер қауымдастығы БҚО филиалының төрағасы:
- 4 млрд 164 млн теңге бөлінді. Оның 2 млрд 100 млн теңгесі Қараөзен мен Сарыөзенмен келетін суға Ресей Федерациясына төленді. Сол сулар Жаңақаланың аумағына Қазталов ауданы арқылы кірілетін су. Енді осы судың келіп, қайда барып, қайда жайылып жатқанын, тиісті кімге жетіп жатыр, соны анықтау үшін бүгін жұмыс тобын құру ұсынылды.
Жаңақала мен Қазталов аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Шаруалар мал азығын сатып алуға мемлекет тарапынан субсидия беруді сұрап отыр. Қаражат жеткіліксіз болған жағдайда қолдау шараларын облыс көлемінде емес, дәл осы қос ауданға ғана арнау ұсынылды.
Жасұлан Халиуллин, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Төтенше жағдайлар департаменті ауданмен бірлесе отырып, заңды шешімін қарастырмасақ. Себебі ол жерде менің білуімше, төтенше жағдайда қаражат қарастыру үшін оның 2 шығыс көздері бар. Біреуі – ТЖ болғаннан кейін оның салдарын жою. Екіншісі – ТЖ болдырмау үшін алдын алу бойынша шаралар қабылдауға қаражат қарастыру. Мүмкін сол екінші бағыты бойынша заңдылығын қарап, құжаттарды рәсімдеп, сонымен жұмыс істеу керек.
Кәсіпкерлер палатасының мамандары жуырда облыс әкімі мен басқа да сала басшыларының қатысуымен тағы алқалы жиын өткізуге келісті. Шаруалар әкімдіктен уақытты үнемдеп, нақты істерге көшуді талап етіп отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов