Отандық QazCoVac-P вакцинасы клиникалық зерттеулердің екінші фазасынан өткізіледі
Рахым Ошақбаев бастаған штаб мүшелері Жамбыл облысындағы Отар елді мекенінде орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында болып, вакцина жасау өндірісімен танысты.
Елімізде ғана емес Орталық Азия аймағында қауіпті вирустарды зерттеумен айналысатын бірден-бір мекемеде осы уақытқа дейін 67 вакцина шығарылған. Олар негізінен мал ауруларына қарсы салынатын екпе болғанымен, институттың мүмкіндігі зор. Институт ғалымдары әлемде алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын жасады. Бұл – зор жетістік. Былтыр институт жанында «OtarBioFarm» зауытының іргетасы қаланды. Құрылысы толық аяқталғанымен, әзірге барлық автоматтандырылған құрылғы сынақ жүйесінде тексеріліп жатыр. Жоспарға сәйкес зауыттың қуаты жылына 60 млн доза вакцина шығаруға жеткілікті.
Күнсұлу Закария, «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ҒЗИ» РМК бас директоры:
- Дегенмен бүгінгі күні ең қиыны – реактив пен құрал-жабдықтарды сатып алу. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бұл мәселені шешу қиын. Сондықтан көптеген жаңа норма енгізуіміз керек. Материалдар бізге кедергісіз келуі керек. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты қарастырып, біздің ғалымдардың, қызметкерлердің жағдайын көтеру қажет.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, отандық QazVaс вакцинасын 300 мың адам салдыртқан. Ал бірнеше күннен кейін коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCoVac-P вакцинасы клиникалық зерттеулердің екінші фазасынан өткізіледі.
Рахым Ошақбаев, коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының мүшесі:
- Қазақстандықтар отандық QazVaс вакцинасын қолдауы керек. Бұл вакцинаның иммуногендік қасиеті шетелдікінен артық болмаса кем емес. Бірақ біздің қоғам соны әлі түсінбей жатыр. Өзіміздің биологиялық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін осындай ғылыми-зерттеу институтының дамуын ойлауымыз керек. Бүгін ғылыми мекемененің көптеген мәселесін естіп-білдік. Олар міндетті түрде Үкіметте қаралауы қажет. Бұл бағытта халыққа нақты әрі жан-жақты ақпарат береміз.
«Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу инстуты алдағы үшжылдық жоспарымен таныстырды. Осы мерзімде жаңадан бес вакцина шығаруды көздейді. Мақсат – отандық ғылымды дамытып, нарықта импорттық вакцинаның үлес салмағын азайту.
Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев