Қазақстанда кедей-кепшік көбейіп барады – сарапшылар
Әсіресе өткен пандемия жылы халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті», - деп дабыл қағып отыр отандық сарапшылар. Дүниежүзілік банктің баяндамасында да Қазақстанда кедейлердің саны артқаны айтылады.
Дегенмен ресми статистика елдегі кедейлік шегі 4,5%-тен аспайды деп отыр. Әлеуметтанушылар бұл көрсеткішке көз жұма қарау ұлттың қауіпсіздігіне үлкен қатер десе, экономистер елдегі кедейлік шегін өзгеше есептеуге кеңес береді.
Гүлден Шеңгелбаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Нанға да ақша таппай қалған кездер болған. Қыста қиналасың, кейде көмір болмай қалады, ағаш таппай қаласың.
Гүлден Шеңгелбаева шыдамды. Ол осы қасиеті арқылы ғана өмірдің қиындығын қайыспай көтеріп жүр. Үш баласымен жұпыны жер үйді жалдап тұрады. Отбасын асырар отағасы мен қол ұшын созар туыс та жоқ.
Гүлден Шеңгелбаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Осылай өмір сүресің деп ойламайсың ғой, бәрі жақсы болады деп ойлайсың.
Бәрі жақсы болады. Үзілмейтін бір үміт. Осы оймен қанша қазақстандық жоқшылықтың зардабын тартып жүр. «Пандемия халықтың әлеуметтік жағдайын ушықтырып жіберді», - дейді әлеуметтанушылар, экономистер, тіпті депутаттар да.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Халықтың әлеуметтік хал-жағдайының төмендеп бара жатқанын мойындауымыз керек.
Рамазан Салықжанов, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты:
- Кедейшіліктің көбеюі, жылдан жылға ұлғая беруі – ұлттық қауіпсіздікке үлкен қатер.
Мақсат Халық, экономист:
- Бізде кедей халық одан әрі кедейленіп, ал байлар одан әрі байып жатыр. Мұндай тенденция қоғамды жақсылыққа алып келмейді.
Қазақстанда қанша кедей бар? Ешкім нақты жауап бере алмайды. Осы жылдың бірінші тоқсанында Дүниежүзілік банк өз баяндамасында Қазақстандағы кедейлік шегі 10% асып кетті десе, ресми статистика былай дейді.
Ғалия Жабағина, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департамент директорының орынбасары:
- Әрине, елімізде тараған індетке байланысты кедейлік шегі біраз өскен болатын. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 5,3% құрады. 2021 жылдың бірінші тосқаны бойынша 4,5% төмендеді.
Мақсат Халық, экономист:
- Дүниежүзілік банк Қазақстан осы дағдарысты еңсеру жолында деген баяндамасында. Сол кезде кедейшілік шегі Қазақстанда 8,7% деп жоспарланған еді, 12% асып кетуі мүмкін деп өздерінің болжамдарын айтты. Демек, Дүниежүзілік банктің болжамы Қазақстанның статистикасына қарағанда екі есе артық жығылып тұр ғой. Бұл біде кедейлердің саны бір миллион емес, екі миллионнан асады деген сөз.
Сонымен кімге сенейік? Жалпы әлеуметтанушылар кез келген елде кедей-кепшіктің болатынын айтады. Кез келген қоғам қара мен төреден құралған, кез келген қоғамда Асан мен Үсендер болады. Жердің беті ала-құла, бар мен жоқ. «Қазақта да бай мен кедей болған. Біздің бір мініміз мойындамауымызда», - дейді олар.
Рамазан Салықжанов, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты:
- Кедейшілік бола тұра, оны шешу жолдарын табудың орнына неғұрлым тықпалап, көрсетпеуге, жарияламауға тырысамыз. Бұл жерде біз өзіміздің ауруымызды айқындауымыз керек те, диагнозды қойып, соған сәйкес тірлік жасауымыз керек.
«Ауруын жасырған...» жалғастырмасақ та жақсы білесіз. «Стратегия» әлеуметтік зерттеулер орталығының жетекшісі Гүлмира Илеуова бұл ретте көрші өзбек ағайынды үлгі етеді.
Гүлмира Илеуова, «Стратегия» әлеуметтік зерттеулер орталығының президенті:
- Өзбекстанда 2020 жылы Экономикалық даму және кедейлікпен күрес министрлігі құрылды. Ал Қытай сегіз жылда кедейлікпен күресу үшін 246 млрд доллар қаржысын жұмсады. Өзбектер кедейлердің бар екенін мойындаудан ұялмайды. Ал біз ше? Қарапайым қазақстандықтардың үйіне кіріңіз, жоқшылық. Халықтың 4-5% тойып тамақ ішпейтінін айтады. Ал 2021 жылы респонденттердің 13% тамаққа ақша жетпейтінін айтқан.
Экономист Мақсат Халық халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ең төменгі күнкөріс мөлшерін көтеру қажет деп санайды. Жалпы біздегі ең төменгі күнкөріс мөлшері – 34 мың 302 теңге. Осыдан кірісі аз азаматтар, ресми тілмен айтсақ, әлеуметтік аз қамтылған, ал жалпақ тілмен айтсақ кедей-кепшік саналады.
Мақсат Халық, экономист:
- БҰҰ-ның белгіленген межелері бар, сол жерде былай дейді. Күніне 5,5 доллардан төмен табыс табатын адам – кедей адам. Егер біз оны теңгеге шағып көбейтетін болсақ, айына шамамен 70 мың теңгеден төмен табысы бар адамдар кедей деп табылуы керек. Бірақ бізде ол 34 мың теңгеден төмен. Көрдіңіз бе? Демек, бұл есептеулерді қайта қарау керек деген сөз.
Сарапшылар тағы бір сүреңсіз статистиканы айтады. Қазақстанда 6 млн жуық бала болса, соның 1 млн осы кедей отбасыларда өсіп келе жатыр.
Мақсат Халық, экономист:
- Бұл – енді үлкен трагедия. Өйткені 1 млн бала тиісті қосымша білімге қол жеткізе алмайды, ол отбасылар балаларға қосымша репетитор жалдай алмайды, біліктілігін арттыра алмайды. Демек ол балалардың надан болып өсуі жоғарырақ. Ал надан қоғам ешқашан алға жылжымайды. Олар ертең қоғамның қас жауы болуы мүмкін. Олардың арасынан қылмыскерлер шығуы мүмкін. Мінекей, осындай үлкен қоғамдық мәселелер қазіргі таңда да бар.
1980 жылдары АҚШ билігіне келген Рональд Рейганның «Кедейлік бізге тиімді емес» деген қанатты сөзін сарапшылар күні бүгінге дейін айтып жүр. Ешкімнің де жоқшылықта өмір сүргісі келмейді. Бірақ оны мойындамай ештеңе де өзгермейтінін айтады сарапшылар. Мойындау деген мойынсұну емес. Кедей кім, өлшемі қандай? «Әуелі осыны анықтап алсақ, сосын үлкен күресті бастасақ, оны жеңіп шығу әлдеқайда жеңіл болуы мүмкін», - дейді сарапшылар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Аманжол Байғазин, Таир Мерекенов