Маңғыстаулық оқушы Каспий теңізін қоқыстан тазартуға бел буып отыр
Мысалы, маңғыстаулық оқушы Каспий теңізінің ластануымен күресуге бел буды. Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Ахад Өтеген су айдынын қоқыстан тазартуды бастады. Алғаш 5 метр тереңдікке сүңгіп, 3 келі қалдық шығарған. Осы бастамасымен ол облыстық байқауға қатысып жатыр. Өңір тұрғындарына да үндеу жасап, қоршаған ортаны ластамауға шақырады.
16 жастағы Ахад Өтегеннің әрекеті көпке үлгі. Қолы қалт ете қалса, теңіз жағалауын тазалайды. Апта сайын сыныптастарымен сенбілікке шығады. Бұл үйреншікті әдетіне айналған. Бүгін де арнайы киімін алып, су айдынының түбіне сүңгімекші. Мақсаты – туған өлке табиғатын таза ұстауға үлес қосу.
Ахад Өтеген, Ғ.Айдаров атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы:
- Қазіргі проблема – Каспий теңізінің ластануы. Адамдар демалуға және суға түсуге келеді, арнайы қоқыс жәшіктеріне демалған қоқыстарын салмай, лақтырып кетеді. Соны өзім қолға алып, тазалауға бет бұрдым. Каспийге түскенде пластик шөлмектер өте көп. Каспий теңізінің астындағы жануарларға, балықтарға өте зиян. Өзімнің қатарлас достарыма, бауырларыма үндеу жариялағым келеді, қорғайық, таза ұстайық.
Ахад Өтегеннің бастамасы мектептегі ұстаздарына ерекше ұнаған. Сондықтан педагогтар экобелсенді туралы бейнеролик түсіріп, аудандық байқауға жолдаған.
Ақтоты Сабырғалиқызы, жоба жетекшісі:
- 11-сынып оқушысы Өтеген Ахад өзінің жобасын ұсынды. Бұл жобада көрсеткісі келгені – осы кереметтей Каспий теңізінің табиғатын, әсемдігін көрсете отырып, осы әсемдікті сақтап қалу үшін ауыл тұрғындарын, Маңғыстау облысының тұрғындарын, бүкіл республиканы табиғатты аялауға, таза ұстауға шақыру болды. Осы ойын жүзеге асыру мақсатында Дайвинг орталығымен бірге жұмыс істеп, 5 метр тереңдікте Ахадтың идеясын жүзеге асырдық. Батылдығын, еңбекқорлығын өзінің туған жеріне деген шексіз махабаты деп білемін.
Табиғат жанашырының бұл әрекеті ауыл тұрғындарын ғана емес, экологтарды да тәнті еткен.
Кирилл Осин, эколог:
- Ахад Өтегеннің бастамасы өзгелерге үлгі боларлық. Алғаш рет оқушы өзі үлкен экологиялық мәселені қозғап отыр. Жобаға арналған роликте су астын тазалап шықты. Бәрімізге белгілі, бұл проблема өзекті. Пластиктер су астындағы флора мен фаунаға орасан зиян келтіріп отыр. Зертеулер де мұны дәлелдеді, балықтар мен итбалықтар азайып барады. Ахад сияқты әр адам Каспийді тазалауға атсалысса, проблема біртіндеп шешілетіні сөзсіз. Бұл идеяны экологтар қолдайды.
Ахад Өтеген алдағы уақытта аймақта экотуризмді дамытуды мақсат еткен. Туған ауылына жағажай салып, инфрақұрылымды көркейту жоспарында бар.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев