Соңғы 5 жылда еліміздегі құрылыс алаңдарында 1 мың 100 адам қайтыс болған
Қазір қауіпті мамандық дейтін болдық. Өйткені құрылыс алаңдарында қаза тапқандар мен жарақат алғандардың санына қарап осылай демеске амалың жоқ. Күні кеше Қарағандыдағы көпқабатты үйді салып жатқан 20 жастағы жігіт 9-шы қабаттан құлап, мерт болды. Жалпы соңғы 5 жылда елімізде 8 мыңдай адам жұмыс кезінде жараланып, оның 1 мың 100-і қайтыс болған екен. Бізде еңбек қауіпсіздігін сақтауға қатысты басы ашылмаған мәселе көп. Жұмыс берушілердің көбі реті келсе, тиісті жәрдемақыны төлеуден жалтарып кетуге тырысады.
Үш күн бұрын ғана осы үйдің 9 қабатын көтеріп жатқан тас қалаушы жігітті кеше жақындары жер қойнына тапсырды. Қайғылы оқиға болған күннен бері мұнда жұмыс толық тоқтатылған. Сондықтан оқиғаның куәгерлерін табу мүмкін болмады. Құрылыс компаниясының басшысы шығып сұхбат бергенімен, мардымды ештеңе айтпады. «Көрмедім, білмедім» деумен шектелді.
Асқар Сұлтанов, құрылыс компаниясының басшысы:
- Қызметкерлердің бәрі штаттық режимде жұмыс істейді. Жұмыс орнында техникалық қауіпсіздік шаралары түгел сақталған. Өзім басы-қасында болмағандықтан, оқиғаның нақты қалай болғанын айта алмаймын. Тек бір білерім, марқұм жедел жәрдем келгенше көз жұмыпты.
Істің мән-жайын анықтауға жергілікті құқық қорғау органдары кірісті.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- ҚР қылмыстық кодексінің 156-бабы, 3-тармағына сәйкес бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта тиісті сараптама тағайындалды. Оқиғаның жалпы қалай болды, қандай жағдайда құлады, барлық сұрақтар осы қылмыстық істің негізінде анықталатын болады.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Жазатайым оқиға ең көп кездесетін үш сала болса, соның бірі – құрылыс. Бірі биіктен құлап көз жұмады, енді бірі басына ауыр зат түсіп, мүгедектікке ұшырайды, ашық жатқан токқа түсіп, мертігетіндері де бар. Былтыр құрылыс алаңдарында жұмыс уақытында 230 адам жарақат алып, 54-і қайтыс болыпты. Бірақ бұл – ресми мәлімет қана, бейресми мәлімет бұдан да көп болуы мүмкін.
Нұрлан Өтешов, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:
- 90%-ке дейін жұмыс берушінің қатесімен не бұзақылығымен осындай оқиға болып жатады. Біздің ақпарат бойынша 10% ғана қызметкердің, жұмыскердің қатесінен осындай жағдайлар болып жатады.
Егер қызметкер жұмыс кезінде жазатайым оқиғаға ұшыраса, оған жұмыс беруші тарапынан орташа айлық жалақысы көлемінде жәрдемақы тағайындалуы тиіс. Егер төлем жасаудан бас тартса, азамат сотқа шағымдануға құқылы.
Рамиль Байжігітов, заңгер:
- Мысалы, оның жалақысы 80 мың теңге болды делік. Егер 10 ай бойы еңбекке жарамсыз болса, 800 мың теңгесінен айырылды деген сөз. Сондықтан осы уақыт аралығында оған жұмыс беруші осы соманы төлеп беруі тиіс. Ал мүгедектік тағайындалған соң, мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы төленеді.
Бірақ жұмыс кезінде жарақат ала тұра жәрдемақыдан қағылатындар бар. Бұл енді көбіне жұмысшының өз кінәсінен болады. Өйткені қазір қара жұмыстың көбін «сайда саны, құмда ізі жоқ» жандар істейді.
Рустам Рамазанов, ҚР ЕҢБЕК, Әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Егер жұмысшы келісімшартсыз жұмыс істеген болса, мемлекет те, сот органдары да оның құқын қорғап шығуы қиын. Сондықтан кез келген жерге жұмысқа орналасарда, келісімшарт талап етуі тиіс. Егер келісімшарты, оқиғаның нақты куәгерлері, бейнежазбасы болмаса, шын мәнінде өндірістік жарақат алғанын дәлелдеп шығу мүмкін емес.
Жұмыс уақытында жазатайым болғандар саны соңғы 5 жылда көбейді деуге келе қоймас, бірақ азаймағаны да анық. Тамыз айында еңбек инспекторлары өндіріс орындарында 3 мыңнан аса тексеру жүргізіп, жұмысшылардың өміріне қауіп тудыратын 7 мыңдай тәртіп бұзушылықты анықтапты. Қазір осы дәлелдер бойынша 56 қылмыстық іс қозғалды. 55 адам лауазымынан айырылды.
Авторлары: Шынар Асанқызы Қанат Әбілдин Бақытбек Нұртаев