Көмір тапшылығы: Өскеменде бір қолға 3 тоннадан артық берілмейді
Шалғай аудандардан келген жүк көліктерінің жүргізушілері бірнеше күн бойы қойма басында түнеуге мәжбүр.
Қазір базалар отынды бір қолға 3 тоннадан артық бермей, үнемдеуге көшті.
Жүк көліктерінің дені Күршім, Көкпекті, Самар сынды шалғай аудандардан келген. Жүргізушілері тіркемелерін отынға толтыруға дәмелі. Асланбек Қалиев – ең жақын Ұлан ауданының тұрғыны. База басында түнеп жүр. Көмір тасып жүрген азамат қаладан бір емес, бірнеше қойма ашылса, осындай мәселес туындамас еді деп ашынады.
Асланбек Қалелов, көмір тасымалдаушы:
- Көбірек қойма ашса, мұндай мәселе болмас еді. Көмір бір күн болса, 3 күн болмайды. Мына жақ тасымалдайтын вагон жоқ дейді. Бұлардың кінәлары жоқ. Мәселені жоғары жақтан шешу керек.
Шырылдайтындай жөні бар. Шынымен, шаһарда көмір екі ғана теміржол тұйығында сатылады. Алдымен тек әлеуметтік аз қамтылғандарға беріледі. Бірақ олардың арасында да бос қайтып жатқандары көп.
Мұрат Рапижанов, көмір тасымалдаушы:
- Түске дейін 30-50 шақты адамға апардық, сонымен көмір бітті. Естуімше, вагон жетпей жатыр екен.
Ауыл-аймақтан келгендер ондағы зейнеткерлер мен мүгедек жандардың да отын күтіп отырғанын айтады.
Марат Айтуаров, Айыртау ауылының тұрғыны:
- Әлеуметтік аз қамтылғандарға берілетін көмір арнайы кезекпен берілсе дұрыс болар еді. Ауылда да көмір күтіп отырған зейнеткерлер бар.
Қоймадағылар қолымыз байлаулы дейді. Мұнда 2,5-3 мың тонна көмір сыятын көрінеді. Алайда кейде бар болғаны 500 тонна ғана келеді екен. Оны кезектегі жұрт лезде талап әкетеді.
Нұржан Қазиев, отын компаниясының директоры:
- Жағдайды облыс әкімдігі мен басқа да салалық басқармалар жақсы біліп отыр. Жыл сайын қайталанады. Бірақ шара қолданылмайды. Көмірді таситын вагон жетпей жатыр, салдарынан осындай қарбалас. Бізге әлеуметтік бағадағы отынды алу үшін күнінен 70-100 адам келеді, барлығына жеткізіп беру мүмкін емес.
Әкімдіктегілер: «Жазда алаңсыз отырып, қара суық түскенде ғана көмірге жүгіретіндер осылай дүрлігеді», - деп жайбарақат отыр. Салалық басшылар болса, тұтынушылардың 97% отынмен қамтылғанын тілге тиек етті. Сонда қойма басындағы айғай-шуды қалған 3% тұрғын көтеріп жүр дегенге сенер-сенбесімізді білмедік.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов