Есентай өзені жағалауының келбетіне көз сүйсінеді
Қала халқын салауатты өмірге шақыру мақсатында биыл шаһарда көптеген демалыс орны ашылды. Қажет инфрақұрылымдарды жақсарту жұмыстары әлі де жалғасады.
Алатаудан бастау алып, Алматыға сән беріп тұрған Есентай өзенінің жағалауы ендігі жерде елдің игілігі үшін қызмет жасайды. Өткен жылдың мамыр айында қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен ұзындығы 4,5 шақырымдық жағалауға күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Бұрын қараусыз қалып, жан-жағы қоқысқа толып кеткен жағалаудың бүгінгі келбетіне көз сүйсінеді. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, спорттық алаңдар, арнайы орындықтар қойылып, қала халқының алаңсыз тынығуына барлық жағдай жасалған.
Серік Әділбаев, қалалық Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы жаяу жүргіншілер жолының бойына 3 мыңнан астам бұталы ағаш егілуде. 1,8 км жерге жарықтандыру шамдары қойылды.
Мамандар жыл соңына дейін 4,5 шақырым жердегі жөндеу жұмыстарын толықтай аяқтаймыз деп отыр. Мұнда демалушылардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. Өзеннің жағалауына бейнебақылау камералары да орнатылады.
Әсет Масабаев, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі:
- Бір қызығы, бұл жер қаншама жыл жабық тұрды. Адам аяғы баспады. Білетін адамдар ғана жүре алды. Мынандай жол, көше жарықтары, демалатын орындар мүлдем болған жоқ. Яғни бұл жердің барлығы өзеннің арнасы болды. Қазіргі таңда, міне, өзеннің арнасын жартылай ығыстырдық.
«Әзірше жөндеу жұмыстары аяқталғанша, судың қарқынын азайттық. Табиғат апатының да алдын алып, жағалауды биіктеттік», - дейді мамандар. Болашақта Есентай жағалауындағы демалыс орны Медеу шатқалына дейін созылады.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев