Уақытынан ерте жауған қар елордалықтарды әбігерге салды
Сонымен қатар қоғамдық көлік қозғалысы баяулап, тұрғындар жұмысқа кешігуге мәжбүр болды. Такси қызметі де тарифті 2 есеге өсірген.
Дана Әлиева, тілші:
- Кешеден бері толассыз жауған қалың қар түс қайта ерісе де, елордалықтар үшін қолайсыздық тудыруда. Ұзын-сонар кептелістер қалыптасып, көктайғақтың кесірінен автобустар жұмыс кестесінен кешігіп жатыр.
Алғашқы ақ ұлпаға жүргізушілер де дайын болмапты. Оны статистикадан-ақ аңғаруға болады. Бір тәулікте 100-ге жуық көлік апаты тіркелген. Бұл – тек Нұр-Сұлтандағы жағдай. Қалалық жол полициясының мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі – темір тұлпар тізгіндегендердің жазғы дөңгелекпен жүруінен.
Олег Дриллер, дөңгелек ауыстыру орталығының маманы:
- Өткен жылдары жүргізушілер жазғы дөңгелектерін 20-шы қазанға қарай ауыстыратын. Ал бүгін ауа райының күрт нашарлауына байланысты таңертеңнен дамыл таппай, жүгіріп жүрміз.
Дөңгелек ауыстыру орталығының қай-қайсысында да қазір осындай көрініс. Сырттағы көлік кезегінің көптігіне мән берместен, әр жүргізуші күтуге дайын.
Коммуналдық қызмет болса, қаланы қардан тазалауға кірісті. Жұмысқа 2 мыңға жуық маман тартылған. 500-дей техника тағы бар. Синоптиктердің сөзіне сенсек, алдағы үш күнде еліміздің басым бөлігі солтүстік-батыс антициклон ықпалында. Бұл қар мен жауын жауып, тұман түседі, бұрқасын соғып, көктайғақ болады деген сөз.
Авторлары: Дана Әлиева, Айбын Құсанбеков