Өзбекстаннан артығымен келетін су ағынына мақтааралдық диқандар дән риза
Екі ел басшыларының берік қарым-қатынасының арқасында «Достық» каналының суын пайдаланатын Жетісай мен Мақтаарал аудандарының диқандары былтырдан бастап ағын суды артығымен ала бастады.
Түркістан облысына арнайы барған Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрі, ел президентінің кеңесшісі мен Су шаруашылығы министрі бастаған делегация мақталы аудандардың шаруаларымен кездесті. Өзбекстаннан келген өкілдерге алдымен мақтааралдық шаруалардың тыныс-тіршілігі таныстырды. Былтырғы су тасқыны кезінде Өзбекстан тарапы Жызақ пен Сырдария облыстарынан 40 арнайы техника және 250 тонна мақта шитіп жеткізіп, бүлінген егістік алқапқа мақтаның жоғары сұрыпты «Сұлтан» тұқымын қайта еккен болатын. Көршіден келген көмекті мақтааралдық диқандар ризашылықпен еске алады.
Дәулетбай Жорымбетов, шаруа қожалығының басшысы:
- Бұл біздің мақтааралдық диқандарымызға өте үлкен көмек болды. Екі ел Президенттерінің саясаты жақсы жолға қойылғандығының арқасы деп білеміз.
Бұған дейін Мақтаарал мен Жетісайлық диқандар ағын судан таршылық көрген еді. Енді былтырдан бастап мәселе оң шешімін тапты. Нәтижесінде биыл диқандар мақтаның әр гектарынан 35-40 центнерден өнім алып, тоннасын 310-320 мың теңгеден өткізіп жатыр. Тараптар бұл жетістіктер екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық байланыстардың жемісі екенін атап өтті.
Тұрсынхан Құдайбергенов, Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрі, президент кеңесшісі:
- Тек «Достық» пен «Мырзашөл» жақсы. Сардоба жақын болғанымен, су бере алмадық. Судың бәрін сіздерге бердік.
Биыл өңірде 110 мың гектардан 280 мың тонна шитті мақта теру жоспарланған. Бүгін де соның 33 мың гектарынан 70 мың тоннадан астам өнім жиналды. Одан кейін өзбекстандық өкілдер өткен жылғы апаттан кейін 400-ге жуық отбасы көшіп келген Мырзакенттегі жаңа шағын ауданда болып, енді пайдалануға берілетін 1200 орындық жаңа мектепті аралап көрді. Одан кейін халықпен кездесіп, тұрғындардың пікірін тыңдады.
Шахзада Құрбанбаева, Мақтаарал ауданының тұрғыны:
- Кешегі Сардоба су қоймасының жарылуы екі елдің халқына үлкен қасірет алып келді. Сол техногендік апатты Өзбекстанның президенті мойындап, бізге техникамен, адамдарымен қол ұшын берді. Сол елдің азаматы Алишер Усманов 5 мың отбасына 1 мың доллардан көмек берді.
Қазір Мақтаарал жаңа кейіпке енген. Себебі жаңа ауданға 30 млрд теңге инвестиция тартылды. Оған ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жасақталып, 9 шақырым жол төселді. Жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылды. 280 орындық жаңа балабақша, дәрігерлік амбулатория, полиция бөлімі ашылды. Балалардың ойын алаңдары, саябақ пен 2 спорт алаңы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 28 отбасына жаңа шағын ауданнан баспана беріліп, қоныс тойын тойлады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы