Қостанай шаруалары шабарға шөп таппай жатыр
Дала жұмыстарының күз ортасына дейін созылуына құрғақшылық себеп. Өңірдегі шөп шығымы былтырғыдан екі есе төмен. Шөптің біржылдық қорын дайындау үшін орман шаруашылықтарына және су қоймаларының бойындағы жайылымдық алқаптарға орақ салуға тура келіп отыр.
Абылайхан Ағатаев басқаратын шаруа қожалығы қазан айында күн батқанша шабындықта жүр. Себебі күзгі жаңбырдан кейін алқаптарда едәуір шөп өскен. Енді оны қар жаумай тұрып жинау мақсаты тұр.
Абылайхан Ағатаев, шаруа:
- Өнім жоқ. Соның өзінде де сайдан, көлден жинап дайындадық. Алуан шөпті шауып жатырмыз. Жылда қыркүйекте, тіпті тамызда бәрін дайындап болатын едік. Ал биыл созылып кетті.
Шаруашылық көп жылдан бері асылтұқымды малды түрлендірумен айналысады. Қазақтың ақбас сиырын өсіреді. Қыста 500-дей бас ірі қара мен осынша жылқыны, 700-ге жуық қойды азықтандыру үшін 2 мың тонна шөп дайындапты. Етке тапсырылатын мал тағы бар. Бірақ фермерлер баға мәселесіне алаңдаулы.
Абылайхан Ағатаев, шаруа:
- Қазір жұрттың бәрі малын тапсырып жатыр. Ет көп, сәйкесінше бағасы түсіп кетті. Жылқының бағасы семіз болса 2100 тг, жазда 2200 тг болды. Сиырдікі 1800 тг еді, қазір 1500 тг. Қойдікі 2000-нан 1300-ге дейін түсіп кетті.
Төрт түліктің бағасы тек бордақылау алаңдарында тұрақты. Ал Жітіқарадан сол жерлерге жету үшін 300 шақырымды еңсеруге тура келеді. Сол себепті бір-екі бас мал тапсыратындар үшін бұл тиімсіз.
Диар Айжаров, Жітіқара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Биыл Меңдіқара ауданы 100 тонна шөп ретінде демеушілік білдірді. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қысқы мал азығын дайындап бердік. Қазір біздегі шөптің құны орташа. Тоннасы 40-45 мың теңге. Шығым аз болғандықтан, орман қоры мен жайылымдық алқаптарда шөп шаптық.
Облыстағы ірі шаруашылықтар да көмексіз қалмайды. Мал азығын қиналмастан сатып алатындай субсидиямен қамтылады. Бұл мақсатта жергілікті қазынадан 2 млрд теңге қарастырылған.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров