Ақтөбеде қылмыстың алдын алған волонтерлер марапатталды
Жыл басынан еріктілердің қырағы көзі көптеген құқықбұзушылықты дер кезінде байқап, қылмыстың алдын алған. Әзірге тәжірибе ретінде жүзеге асырылып отырған жобаға облыс орталығы мен Хромтау қаласының жүзге жуық тұрғыны атсалысып жатыр.
Кәмілетке толмағандар ісіне жауапты инспекторлардың әрбір жеткіншек іс-әрекетін бақылауға мүмкіндігі жоқ. Тіпті қас қарая жатақханалардың түкпір-түкпірінде болып жататын түрлі тәртіп бұзушылықтың алдын алуға әрдайым сәті түсе бермейді. Сондықтан еріктілер тобы – полицейлерге таптырмас көмекші. Бүгін құзырлы орган өкілдері қоғамдық қауіпсіздікті баянды болашақ деп танитын белсенділерге ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.
Әсел Базарбай, волонтёр:
- «Жас сақшы» еріктілер тобы 2018 жылы құрылған болатын. Облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған. Еріктілер тобы оқу орындарымен, жатақханалармен бірге жұмыс істейміз. Өз оқу орындарымызда тәртіпті қадағалап, өз үлесімізді қосып жүрміз.
Облыстық прокуратура өкілдерінің айтуынша, қоғамдық белсенді жандардың атсалысуымен 600-ге жуық түрлі кездесу өткен. Нәтижесінде, 350 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып отыр. Жоба аясында студенттерден бөлек, өңірдегі 15 мекеменің 80 қызметкері көше тыныштығын күзетуге қатысқан.
Марат Қайбжанов, Ақтөбе облысының прокуроры:
- Осы қолданылған шаралар құқықбұзушылықтың өсу қарқынын едәуір төмендетуге мүмкіндік берді.
Прокурорлар құқық бұзу деректерін зерделей келе, Ақтөбеде қауіпті деген 10 ауданды анықтаған. Себебі облыста тіркелетін қылмыстың 15% дәл сол жерлерде болатыны белгілі болды. Қалыптасқан жағдайды түзеу мақсатында аталған аудандарға қоғамдық көмекшілерді көптеп тарту көзделген. Бұл ретте кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, қауіпсіздікке атсалысқан жұмысшыларға қызметте жеңілдік жасау ұсынылып отыр. Жалпы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұл жоба аясында еріктілер санын 1200-ден асыру жоспарда бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев