Ақөре ауылында амбулатория жоқ
Тұрғындар сырқаттанып қалса, 25 шақырымдағы көрші ауылда емделуге мәжбүр. «Ал қыста жолды қар басып қалатын кездер жиі болады», - дейді.
Майдаш Құсайынова даңғарадай үйде жалғыз өзі тұрады. Балаларының барлығы қалаға қоныс аударыпты. Зейнеткер қара шаңырақты қимай қалып қойған. Қазір қант диабетімен ауырады, қан қысымы жоғары. Сондықтан үнемі дәрігердің бақылауында болу керек.
Майдаш Құсайынова, Ақөре ауылының тұрғыны:
- Медбике шақыртамыз. Келеді, алғашқы көмек көрсетеді немесе ауырсынуды басатын дәрі салады, дәрі-дәрмегімді әкеліп береді. Одан басқа қолынан ештеңе келмейді, жай медбике ғой енді. Ауданға барыңыз дейді, оған баруға жағдай жоқ, астымда көлік жоқ.
Ақөре ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жабылғанына 2 жылға жуықтаған. Заң бойынша 50 тұрғыны бар елді мекенде ең кемі медпункт болу керек екен. Ал мұнда қазір 400-ге жуық адам тұрып жатыр.
Марат Махатов, Ақөре ауылының тұрғыны:
- Ауылда амбулатория жоқ. Мынау көрші ауылда халық саны аз болса да, ол жерде амбулатория бар. 25 шақырым жерде амбулатория бар, бір жедел жәрдем бар. Енді ол жедел жәрдемге хабарлассаң, не жанармайы жоқ, не мына жолдан келмейді. Сол жағынан біз қиналып жатырмыз.
Аудан басшыларының айтуынша, ауылда амбулатория ашуға дайын тұрған ғимарат жоқ. Кезінде медпункт болған мына үй бұрынғы медбикенің меншігі екен. Оны аудандық аурухана жалдап келген. Медбике зейнетке шыққан соң, үйін жалға беруден бас тартыпты.
Гүлмира Жұмақаева, аудандық орталық аурухананың бас медбикесі:
- Амбулатория ететін жеке ғимарат болмай тұр. Ол үшін алдында бір мекемені берген, көрсеткен. Оның құжаты дұрыс болмады. Оны жалдаған соң ақшасын төлеу керек қой. Ал ол кісілерде ешқандай құжат болған жоқ. Енді қазір сөйлестік. «Құжаттарды дайындадық», - дейді. Соны енді бастыққа барып көрсетеміз.
Дегенмен жауапты мамандар ауылда амбулатория ашудың қаржылық тұрғыда тиімсіз екенін айтып отыр. Себебі ғимаратты ұстап тұру үшін қосымша тағы төрт адамды жұмысқа алу керек. Сонда жылына шамамен 5 миллион теңге шығын кетеді екен. Ал қазір Бұқар жырау ауданында амбулаториясы жоқ оннан астам ауыл бар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев