«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қандай шаралар атқарылды?
Судың да сұрауы бар. Демек, миллиардтаған қазына қаржысының да қайда жұмсалғанын халық білуге тиіс.
Осы аптада Асқар Мамин министрлер кабинетін өңірлерге аттандырды. Олар жоба аясында бой көтерген нысандар мен жаңартылған инфрақұрылымның жағдайымен танысып қайтты.
Ақтөбенің Мәртөк ауданындағы бұл мектеп жарты ғасырдай жөндеу көрген жоқ. «Ауыл – ел бесігі» жобасы болмаса, балалар әлі күнге дейін едені тесік, кәрізі тозған мектепте білім алуын жалғастыра беруші еді. Бірақ ел Үкіметі мектепті жаңарту жұмысына 160 миллион теңге бөлді. Білім министрінің өзі келіп жөндеу жұмысын тексеріп шықты. Мектептің қабырғасы ағартылған, шатыры ауыстырылған. Келесі тоқсанды оқушылар су жаңа сыныбында жалғастырады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Едені, жылыту жүйесінен бастап, абаттандыру мәселесі шешіліп, материалдық-техникалық базасы да жаңарғаннан кейін жаңа мектеп болып шыға келді. Жұмысты уақытылы аяқтау қажет. Балалар сапалы білім алып шығатындай жағдай жасауымыз керек.
Бұдан былай Қарағанды облысының шалғай елді мекендерінен атақты хоккейшілер шығып жатса таңғалмаңыз. Өйткені облысқа қарасты Шахтер ауылында жабық хоккей корты ашылмақ. Мұндай спорт нысаны бұрын-соңды ауылдық жерде салынып көрмеген.
Георгий Прокоп, шаруа қожалығының жетекшісі:
- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы елді мекенде көп шаруа атқарылды. Бұл біз үшін өте жемісті жоба болды. Соның арқасында еліміздегі ең үздік 30 ауылдың қатарына еніп отырмыз. Ең бастысы, елді мекенде халық тұрақтап қалды.
Нысанның құны – 159 млн теңге. Тек қыруар қаржы жегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпесе болды. Сондықтан Үкімет басшысы аймақта атқарылуға тиіс жұмысты пысықтап қайтуды Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жүктеді.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Ең алдымен, ауылдың жолдарына, инфрақұрылымына байланысты мәселелерді шешу қажет. Сонымен қатар әлеуметтік салаларға, мектептер, мәдениет үйі, назар аудару керек. Оларға байланысты әжептәуір жұмыс жасалған. Нақты айтқанда, облыс бойынша соңғы үш жылдың ішінде 13 миллиард теңге осы «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге асып отыр.
Ал Әділет министрі Марат Бекетаев Алматы облысына ат басын бұрды. Боралдай кентіндегі жөндеуден өткен балабақшаны аралап шықты. Сосын Қоянқұс ауылы мен Өтеген батыр кентіндегі электр желісін тарту, көшелерді жарықтандыру жұмысын тексерді.
Бағдат Қарасаев, Іле ауданының әкімі:
- 2024 жылы Іле ауданында осы бағдарлама бойынша 23 жоба қарастырылған. Жалпы құны 5 млрд теңгеден астам ақша. 2022 жылғы осы бағдарлама бойынша төрт жоба іске асады. Осы бағдарламаның арқасында біз ауылдағы жолдарды, тұрғын үй-шаруашылық мәселелерін, оның ішінде электр желілерін қалпына келтірдік.
Өткен үш жылда Ақмола облысындағы ауыл-аймақтың инфрақұрылымын жаңғыртуға 70 млрд теңге бөлініпті. Облыста 300-ге жуық ауылдық елді мекен бар. Аймаққа Асқар Мамин арнайы жұмыс сапармен келіп, Астрахан, Атбасар аудандарында салынған әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Соңынан тұрғындармен тілдесті.
Әсемгүл Қалиева, Бастау ауылының тұрғыны:
- Ауылымызда мыңнан астам жас тұрады. Жастарға бұрын жиналатын орын болған жоқ. Ойын-сауық орталығында үйірмелер, спорт залы, кітапхана ашылады.
Елімізде 3,5 мыңдай елді мекен бар. Ауыл халқының дені осында тұрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында алдағы төрт жылда тағы 1,5 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінбек. Үкімет 2025 жылға қарай осы ауылдардың 100% сумен қамтимыз, 10 мың шақырым жолын жөндеп, 5 мың мектебін жөндеуден өткіземіз деп уәде беріп отыр.
Авторы: Шынар Асанқызы