Хабар телеарнасы

Ауыл әйелдері форумы: қазіргі ауыл әйелі қандай?

Бүгінде 2 млн қазақстандық әйел, ауылда еңбек етіп отыр. Әрбір бесінші – фермерлік шаруашылықты басқарып отырған да, қыз-келіншектер.

Бүгін Елордада ауылдық кәсіпкер әйелдердің төртінші форумы өтті. Сондай-ақ жиын аясында «Coca-Cola белестері» байқауының жеңімпаздары анықталды. Олар кімдер екен?

«Coca-cola белестері» байқауының бір жеңімпазы – Бағдат Түсіпбекова. 4 мың АҚШ доллары көлемінде грант ұтып алып, мал басын көбейтіп, оның өнімін сатып отыр.

 Бағдат Түсіпбекова, кәсіпкер:

- Мал басын 250-300 мыңнан сатып, таза 1 млн табыс көрдім. Күніне 80-100 литр сүт алып, айына 30-40 келі май жинап, құртымды жинап, қалаға жүйелі түрде өткізіп отырамын.

Мұндай байқау Қазақстанда осымен 9-жыл өтіп отыр. 97 жеңімпаз. Әрқайсысы өз саласында кем дегенде 3 жаңа жұмыс орнын ашқан.

Елена Ожго, «Әлеуметтік динамика» ҚҚ директоры:

-Біз мұны мақтанышпен айтамыз. Бизнес-идеясы бар, бірақ қалай жүзеге асырарын білмейтін қыз-келіншектерді ssb.kz платформасы арқылы тегін оқытамыз. Онда бизнесті қалай бастау керектігінен бастап, түрлі кейстер мен табыс тарихы, ауыл әйелдерінің форумы туралы барлық материал жинақталған. Бұл да ауылда кәсіп бастаймын деген әйелдерге үлкен қолдау.

Бүгін 16 жеңімпаздың есімі белгілі болды. Бірі енді құс етін өндіріп, бірі көкөніс өсіріп, тағы бірі киім тігу ісін бастамақ.

Александра Аккирман, «Coca-cola» компаниясының Қазақстан мен Қырғызстандағы менеджері:

-Өткен 9 жылда кәсіпкерліктің қыр-сырын 50 мыңнан астам әйел оқыды. Соның 25 мыңы – соңғы екі жылдың көрсеткіші. Яғни пандемия кәсіпкерлік курстарына деген сұранысты арттырды.

«Ауыл әйелдері қазір белсенді», – дейді форумды ұйымдастырушылар. Оған қатысушылардың саны да, бизнес-идеялардың сапасы да артып келеді.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Таир Мерекенов