Алматы облысындағы жасанды су қоймасының қабырғасы сөгілді
Бұл туралы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары хабарлады. Екі жыл бұрын егістік алқаптарын суғару мақсатында қараусыз қалған көлді жөндеу жұмысы басталған еді.
Жұмыс аяқталған соң, гидротехникалық құрылғы 50%-ке сумен толтырылады. Алайда көп ұзамай-ақ бөгет бұзылып, көпір құлады. Десе де ел аман. Ауылға ешқандай қауіп жоқ.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша дамбада жарықшақ кеше түн мезгілінде пайда болған. Жалпы бұл су қоймасының сыйымдылығы – 5 млн текше метрге жуық. Қазір жасанды көл жартылай толы. Одан аққан судың болжамды көлемі шамамен секундына 30 текше метр.
Алмас Садуақас, тілші:
- Су қойманың жалпы тереңдегі 10-12 метр. 2004 жылы дәл осы тұста бөгет тасқын судан бұзылды. Ал 2 жыл бұрын қойманы қайтадан қалпына келтіру жұмысы басталған. Бірақ жұмыс сапасыз болды ма, бөгет қайтадан бұзылып, көпірді де шайып кетті.
Су қазір Қарғалы өзенінің бойымен ағып кетіп жатыр. Одан әрі Іле ауданындағы Күрті су қоймасына құяды. Әйтеуір мал-жан аман. Тек «Мыңбаев-Қасымбек» автожолының 50 метрлік аумағын су шайған. Бұл маңда полиция көлік қозғалысын уақытша шектеген. Осы жағдайға байланысты құрамына аудандық әкімдік өкілдері, төтеншеліктер мен суға жауапты мамандар кірген арнайы штаб құрылды.
Ақниет Туматаев, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл көл ауыл тұрғындарына ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ. Қазір Мыңбаев пен басқа ауылдар арасындағы жол қатынасы қайта қалпына келтірілді. Ауылға берілетін газ, су, жарық, телефон желісі барлығы қалыпты жағдайда жұмыс жасап тұр.
2 жыл бұрын су қоймасын қалпына келтіру үшін облыстық бюджеттен 454 млн теңге қаражат бөлінген. Мердігері – «Қарабұлақ халыққа тұрмыстық қызмет көрсету» серіктестігі. Нысан биыл жазда аяқталып, тапсырылған еді. Әкімдіктегілер: «Құрылыс жұмысының сапасына байланысты кепілдік мерзімі 2 жыл», – дейді. Енді мамандар су қоймасына зерттеу жүргізеді. Бөгетті жөндеу жұмысы келесі жылы көктемде қолға алынуы мүмкін.
Авторлары: Алмас Садуақас, Әбен Нарынбаев