Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығына қатысты жас мамандар пікір білдірді
Білім, мәдениет, кәсіпкерлік бағыттарында еңбек етіп жүрген кадрлар «Елдіктің жеті тұғыры» кемел келешек кепілі екеніне сенім артады.
«Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Елбасының бұл үндеуін жастардың санасына бірлесіп сіңіруіміз қажет», - дейді жас педагог Айнаш Жасыбаева. Ол білім беру саласында табысты еңбек етіп келеді. «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлыбританияда тәжірибесін жетілдірген. Көрген-білген тағылымын шәкірттеріне үйретуден жалыққан емес.
Айнаш Жасыбаева, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі:
- Қазіргі кезде жастар өзінің болашағы үшін білімнің қажет екенін өте жақсы түсінеді. Сабақ барысында оқушының ізденісіне сәйкес келетін сандық технологияларды пайдалануға тырысамыз.
Өскелең ұрпақтың білімге құштар болуы – келешек кепілі. Елбасы жастарға үндеуінде дәл осы ойды меңзеді. Сонымен қатар ұлтаралық татулық ішкі тұрақтылықтың алтын діңгегі екенін атап өтті. Елімізде көптеген ұлт өкілі өмір сүріп жатыр. Олар сан салада қызмет атқарып, мемлекеттің дамуына өз септігін тигізуде. Ұйғыр жігіті Илияр Муталипов кәсіпкерлік пен мәдениет саласын қатар алып жүр. Мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлейді. Ол қазақ жерінің ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем болуын тілейді.
Илияр Муталипов, ұйғыр мәдени орталығы жастар қанатының төрағасы:
- Тәуелсіздігімізді 30 жыл бойы сақтап келе жатқанымызға себепші факторлардың бірі – ұлтаралық татуластық. Осындай Отанымыздан айырылмау үшін біздер, жастар, көп жұмыс істеуіміз керек. Біздің жастар білімге, сауаттылыққа тартылса, өте беделді, гүлденген ел болып қала береміз.
«Бірлік пен келісім, отбасы мен салт-дәстүр, жер мен ұлттық мәдениет – барлығы да баға жетпес құндылық». Батысқазақстандық белсенді жастар Елбасының пікірін қолдайды. Аймақ тұрғындарының 19%-і – 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Өңірдегі төрт жоғарғы оқу орнында 26 мыңдай студент білім алып жатыр. Биыл 261 жас маманға баспана алу мақсатында 1 миллиард теңге көлемінде несие берілген.
Нұрғали Жолдасқалиев, Jas Otan Жастар Қанаты БҚО филиалының төрағасы:
- Білім кез келген уақытта өзекті болып қала бермек. Себебі Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім. Елбасымыздың қағидаты жастарға тың серпін беріп, білім алуға құштарлықтарын арттырады деп ойлаймын.
Елбасы Тәуелсіздіктің негізгі жеті тұғырын тайға таңба басқандай анық көрсетіп берді. Кейінгі буын өкілдері оның болашаққа бағдар боларына сенімді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов