Биыл еліміздің басты жаңажылдық шыршасы «Нұр әлем» павильонының жанына орнатылды
Биыл еліміздің басты жаңа жылдық шыршасы «Нұр әлем» павильонының жанына орнатылды. Шыршаның биіктігі 25 метр, салмағы 4 тоннаға жуықтайды. Жалпы биылғы қыс жылдағымен салыстырғанда аса суық емес. Десе де қалалық әкімдік тұрғындарға қыс қызығын сыйлайтын сырғанақтар мен мұз айдындар салып қойды.
Есілдің сол жағалауында биыл 10 қысқы демалыс аймағы ұйымдастырылды. Олар «Хан Шатыр», «Керуен» секілді ірі сауда орындарының маңында, Ботаникалық және Орталық саябақтарда орын тепкен. Ал еліміздің бас шыршасы ЭКСПО алаңында тұр.
Дарья Сафонова, дизайнер:
- Бұл – Нұр-Сұлтан қаласының ең биік жаңа жылдық шыршасы, оның биіктігі – 25 метр, диаметрі – 10,1 метр және құрылымның салмағы – 4048 кг. Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы болғандықтан, біз шыршаға туымыздың түстерін қостық. Бұл жолғы безендіруде көгілдір және жылы-ақ түс басым.
Ал ең көп мұз қалашық Байқоңыр ауданының аумағында. Мысалы, «Жастар» сарайының маңында ауданы 400 шаршы метр болатын мұз айдыны жұмыс істеп тұр. Ең биік сырғанақ төбешігін де осы арадан табасыз. Биіктігі 6 метрден асады.
Марат Садығалиев, инвестор:
- Біз негізінен сырғанақтар мен мұз айдындарын саламыз. Биылғы жаңалығымыз – алты бұрышты сырғанайтын төбешік салдық. Мұнда қауіпсіздік техникасын қадағалайтын еріктілер жұмыс істейді.
Сарыарқа ауданында да белсенді демалыс өткізуге болады. Есіл өзенінің жағасында, Көктал саябасында мұз айдындары пайда болады. Мұнда конькилер мен өзге де құрал жабдықтарды жалға алуға болады. Тіпті ыстық шәй ішіп, жылынуға да жағдай жасалған. Сіз ыстық шай немесе кофе ішіп жылына аласыз. Аталған демалыс аймақтары таңғы сағат 10-нан бастап түнгі 11-ге дейін жұмыс істейді.
Авторы: Шынар Асанқызы