Биыл Таразда 45 жаңа нысан бой көтерді
Атап айтсақ, Тараз қаласында жыл басынан бері 45 жаңа нысан бой көтерді. Оның барлығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Таразға тарту» жобасы бойынша демеушілердің көмегімен салынған. «Үшбұлақ» жағалауы, рухани тәрбие беру орталығы, спорт кешені секілді нысандар бүгінде шаһар тұрғындарының сүйікті орнына айналған.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған «Анаға тағзым» рухани тәрбие беру орталығының ашылғанына бірер ай болғанына қарамастан, қазір мұнда 130 адам тұрақты келеді. Кәсіби мамандар қыз балалар мен келіншектерге психологиялық-құқықтық көмек беріп, жаңа мамандықты меңгеруге жәрдемдеседі. Орталықта тігін, тоқу, тамақ пісіру, би үйірмелері жұмыс істейді.
Қалия Сейітхалыққызы, Тараз қаласының тұрғыны:
- Таңертең балаларды мектепке апарамын да, жаттығу залына кіремін. Жасымызға қарамай, осы жерде көңіл көтеріп, балалармен ойнап жүрміз. Осы орталықтың ашылғанына қуаныштымыз.
Ұзындығы 850 метрден асатын «Үшбұлақ» жағалауы да жұрттың сүйікті орнына айналған. Безендірілген 19 метрлік пирс пен 60 метрлік көпір алыстан көз тартады. Веложол, балалардың ойын және спорт алаңдары салынған.
Наталья Алфёрова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Жағалау өте керемет. Балаларға да, ересектерге де қыдыратын орын жеткілікті. Кешкілік достармен, отбасымен уақыт өткізуге таптырмайтын орын.
Кәсіпкерлердің қалаға тарту еткен тағы бір нысаны – спорт кешені. Мұнда көркем гимнастика мен үстел теннисіне арналған залдар бар. Соңғы жылдары Таразда спорттың бұл түрімен айналысатын жастар көбейгенімен, жаттығатын орын болмай келген.
Әймен Амангелді, Тараз қаласының тұрғыны:
- Маған өте ұнайды. 4 жасымнан бері қатысамын, қазір 11-демін. Қазақстан Республикасының Кубогіне барып, екінші орын алып, жүлделі келдік. Осы залды салған адамдарға көп рақмет айтамын. Ыңғайлы әрі өте үлкен.
Жалпы жыл басынан бері Таразда демеушілер есебінен 45 нысан ашылған. «Таразға тарту» жобасы келер жылы «Жаңарған Жаңатас» жобасы ретінде жалғасып, шағын қалалардың да шырайы арта түспек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Анастасия Сүлейменова, Руслан Ахатіллә