Таразда үздік жас мамандарға «Әулиеата үміті 2021» сыйлығы табысталды
Әртүрлі салада жетістікке жетіп, қоғамда белсенділік танытқандарға «Әулиеата үміті 2021» облыстық жастар сыйлығы табысталды. Салтанатты шара Баласағұн орталық концерт залында өтті. Жеңімпаздарды аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев «Татулықтың тірегі – Тәуелсіз ел жастары» форумы кезінде марапаттап, алғыс білдірді. Дәл осы шара кезінде алғаш рет жинақталған «Әулиеата жастары» облыстық жастар энциклопедиясының тұсауы кесілді.
Жаңа энциклопедия 1200 дана таралыммен шықты. Жинақта студенттік жылдардан әлеуметтік лифт қалыптастырып, бүгінде ел игілігіне қызмет етіп жүрген белсенді жастар мен танымал тұлғалар туралы жазылған.
Ал облыстық жастар сыйлығын алғандардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, актер, журналист, мемлекеттік қызметкер де бар. Олар қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, өңірдің дамуына өзіндік үлес қосқан жандар. Шара сан салада қызмет етіп жүрген жас мамандардың деңгейін арттырып, жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталған.
Нұрболат Жолдасбеков, «Әулиеата үміті» жастар сыйлығының иегері:
- Осындай игі жобалар көп болсын! Әрқашан жастарды қолдайтын осы елдің дамуына күш-жігерін сарпитын жастарды қолдау мақсатында осындай Жамбыл облысында жобалар, бағдарламалардың қолға алынғаны барлығымызды қуантады.
Үздіктер сыйлығын облыс әкімі табыстап, жастарды марапаттады. Жеңімпаздарға арнайы ескерткіш сыйлық, диплом және ақшалай сыйақы берілді.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Үшінші рет өткізіліп отырғаны бекерден бекер емес. Біздің жалпы қазақтың Қазақстанның үміті сіздерде. Осы 30 жылғы Қазақстанның жеткен жетістіктері мен жиған абыройын ары қарай жалғастыратын Сіздерсіздер. Біз сіздерге сенеміз! Облыс басшылығының атынан сіздерге осы жасап жатқан жұмыстарыңыз үшін үлкен рақмет айтамын.
Биыл 18 номинация бойынша халықаралық, республикалық, түрлі байқауларда топ жарған 128 адамнан өтініш түскен. Оған 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Ынталандыруға бағытталған шара осымен үшінші жыл қатар ұйымдастырылып отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә