Елде теміржол қатынасы толық қалыпқа келді
Бұған дейін қатынас тоқтаған Мақат, Арал-Теңіз, Бейнеу, Маңғыстау, Сексеуіл станциялары ашылды. Қазір жол бойында кідіріп қалған пойыздар өз бағыты бойынша жүріп жатыр. Бұған дейін 25 жолаушылар пойызы тоқтатылған еді. Бүгін түскі екіден бастап барлық бағыттар кестеге сай қатынайды. Бірақ бұған дейінгі кідірістерге байланысты олар діттеген жеріне уақытынан кешігіп жетуі мүмкін. Ал жүк пойыздарына келетін болсақ, бұған дейін 129 құрам тоқтаған еді. Қазір станцияларда 75-і ғана қалды. Қалғаны өз бағыты бойынша жүріп жатыр. Ұлттық компания интернет пен банк операциялары қалыпқа келгенге дейін кәсіпорындар мен тасымал компанияларының төлемдерін кейінге шегерді. Яғни кешіккен төлемдер үшін айыппұл немесе санкция салынбайды. Ал жолға шығудан бас тартқан жолаушыларға билет ақысы толық қайтарылады. Ол үшін Қазақстан темір жолы компаниясының кассаларына алты ай ішінде келсе болады.