Ақтауда бұзақылар көліктерді қиратты
Мына кадрлардан жеңіл көліктердің, автобустардың, тіпті арнайы машиналардың терезелерінің сау жері қалмағанын көруге болады. Дөңгелектерін де тесіп кеткен. Кеше алаңнан қайтпай қойған 5 адам Ақтау қаласындағы полиция басқармасына жеткізілді. Оларды заңға сәйкес жазаға тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Қала комендантының айтуынша, соңғы күндері әуежай мен полиция департаментінің ғимаратына бас-бұзарлар шабуыл жасаған. Тәртіп сақшылары оларға қару қолданбай, тойтарыс берді.
Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:
- 2-3 күннің арасында мемлекеттің, әскерилердің мүлкіне қол сұғушылық болып, оны зақымдау жөніндегі іс-әрекеттердің болғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ халықтың қолдауының, түсіністігінің арқасында біз ешқандай да оқыс оқиғаға орын берген жоқпыз. Қазіргі таңда облыстағы жағдай тұрақты. Атомобиль, темір және авиа қатынастары тұрақты қызмет атқаруда.