Түркістан облысында тауарлы сүт фермалары көбейіп келеді
Олар жылына 22 мың тонна сүт өндіреді. Одан бөлек, ірімшік, құрт, май, айран, қаймақ сияқты сүт өнімдерін шығарып, көрші облыстарға жеткізеді. Сонымен қатар жақында ұнтақ сүт шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Манкент ауылдық округіне қарасты Аққала елді мекенінде орналасқан сүт фермасы 2016 жылы ашылған. Қазір мұнда 146 бас сүтті сиыр бар. Оның 66-сы жергілікті тұқым болса, қалған 80-ні шетелден әкелінген. Ферма басшысының айтуынша, жақында мұнда түркиядан сиыр сауатын жаңа технология жеткізілген. Бір мезетте 8 сиыр сауылады. Кәсіпкер алдағы уақытта сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Шухрад Әбдікәрімов, кәсіпкер:
- Жергілікті Әулиеата тұқымы күніне 18-20 литр сүт берсе, бұл сиырлар қазір 30-35 литр сүт береді. Ақтөбеде тағы да 150 басқа келісімшартқа тұрып жатырмын. Олар – асыл тұқымды зауыт. Солардан әлі бұзауламаған сиырларды сиыр аламыз. Қазір мен асыл тұқымды бағытқа өтуге әрекет жасап жатырмын.
Сүт фермасының тағы бір ерекшелігі – мұнда жаңа туған бұзаулар енесін мүлде ембейді. Бірден басқа орынға жайғастырылып, сүт қолдан беріледі. Еркек бұзаулар бордақыланса, аналықтары сүтті сиырлардың қатырын көбейтеді. Мамандар мұнда күніне 4 тоннадан астам сүт өндірілетінін айтады. «Сүт өнімін шығаратын зауыттар оның литрін 250 теңгеден сатып алып кетеді», – дейді.
Шухратулла Убайдуллаев, аудан әкімінің орынбасары:
- Ауданда 8 сүтті қайта өңдеу кәсіпорндары бар. Ол жерде ірімшік, қаймақ сияқты өнімдер өндіріледі. Өнімдер Алматы, Жамбыл облыстарымен Шымкент қаласына және Солтүстік облыстарға жіберіліп, сол жақта сатылады.
Сондай-ақ аудандағы Ақсу ауылында құрғақ сүт өнімі шығарыла бастады. Жақында кәсіпорын дайын өнімді мемлекеттік стандартқа өткізіп, сәйкестендіру сертификатын алған. Мұнда жылына құны 468 млн теңге болатын 900 тонна құрғақ сүт өнімі шығарылады. Зауыт алдағы уақытта дайын өнімді Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттауды жоспарлап отыр.
Жалпы Түркістан облысында 200-ден астам сүт фермасы мен оны қайта өңдейтін 15 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жылына өндірілетін 50 мың тонна сүттен 17 мың тонна түрлі сүт өнімдерін шығарады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш