Ақтүтек боранда жолда қалған жолаушылар павлодарлық полицейлерге алғысын айтып жатыр
Сол сәтте Қуандық Рахметов пен Біржан Нәжімов көліктердің алдында жаяу жүріп, жүргізушілерге жол көрсеткен.
Қуандық Рахметов пен Біржан Нәжімов 35 шақырым бойы жүргізушілерге осылай жол көрсеткен. Жауапты істі кезектесіп атқарған. Боранның қатты болғаны соншалық, жолды көру мүмкін болмаған.
Қуандық Рахметов, Шідерті кенті полиция бөлімінің бастығы:
- Төртқұдық ауылының маңында қар құрсауында қалған көлікті байқадық. Боран қатты болды. Машинаны шығарғанша, көлік кептелісі пайда болды. Санаулы сағаттың ішінде жеңіл және жүк көліктер жиналды да қалды. Апатқа жол бермеу үшін жаяу жол көрсеттік.
Жолда қалған жолаушылардың қатарында Жаһангір Ақажанов болды. Жүргізуші Екібастұз қаласынан Шідерті кентіне келе жатқанда тоқтап қалған. Сол күні учаскелік полицейлерге ауылдарына жете алмаған азаматтардан қоңыраулар көп түскен.
Жаһангір Ақажанов, жүргізуші:
- Боран, ештеңе көрінбейді. Полиция қызметкерлері болмаса, не боларын білмеймін. Соларға рақмет!
Руслан Маралов, Шідерті ауылының тұрғыны:
- Жергілікті станцияда электромонтер болып жұмыс істеймін. Ауылымыздан 15 шақырымдық жерде орналасқан. Жұмыстан шығып, боранда тұрып қалғандарға полицейлер көмектесті. Оларға рақмет айтамын.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Бұл – Нұр-Сұлтан қаласына апаратын республикалық маңызы бар тасжолы. Ақтүтек боран күндері дәл осы учаскені қар басып қалады. Кей жерлерде қардың биіктігі адам бойынан асып кетеді. Сол сәттері жүздеген көлік қар құрсауында қалып қояды.
Боранды күндері Екібастұз қаласы мен Бәйет ауылының арасындағы жолды қар басып қалады. Төртқұдық ауылының жанындағы учаске де осындай.
Біржан Нәжімов, Екібастұз қалалық ПБ патрульдік қызметінің инспекторы:
- Сол күні ауа райы күрт өзгерді. Осы жерге дереу жетіп, жылдамдық режимін реттедік. Әйтпесе жағдай қиындар еді. Қолымызға күрек алып, кей көліктерді қардан шығардық. Боран саябырсағанша, ұзын колоннаға жол көрсеттік. Ауа райы тұрақталғаннан соң, жол учаскелерін тексеріп шықтық.
Қуандық Рахметов пен Біржан Нәжімовтің басты мақсаты – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Аптап ыстық, қақаған аяз бен ақтүтек боранда әрдайым жұмыс басынан табылады. Полицейлер үшін бұл үйреншікті іс болса, аман қалған жолаушылар үшін ерліктің өзі.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат