Алматылық кәсіпкер: қаңтар оқиғасы кезінде мародерлерді тоқтата алмадым
Тонаушылардың үстінен түсіп райынан қайтармақшы болған. Бірақ кәсіпкердің көпке күші жетпеген, сөзі де өтпеген. Амалы таусылған ол қарақшылардың қолынан аман қалған мүліктерін жинап алыпты.
Қанат Жалғасов 5 қаңтардың түнінде тонаушылардың үстінен түсіп, оларды тоқтатпақ болған. Орайлы сәтті ұтымды пайдаланғысы келгендер кәсіпкердің сөзіне құлақ аспапты. Осылайша, 10 жыл бұрын 5 миллион теңге несие алып бастаған кәсібі бір түнде быт-шыт болады.
Қанат Жалғасов, кәсіпкер:
- Адамдар өте көп болды. Қарасам дүкенім тоналып жатыр, ашуға беріліп шыдай алмадым, шынын айтқанда. Көріністі көріп видеоға түсіріп, айқайға бастым. Түнде әскер келіп кіреді, бәрі тынышталатын шығар деп ойлап кетіп қалдым. Бірақ таңертең келсем, дүкенді тонап жатты ғой.
Қанат Жалғасов сауда орталығының 4 шаршы метр бұрышын жалға алып, сағат, көзілдірік, әмиян сынды заттар сатады. Сауда-саттықпен отбасын асырап отырған азаматтың шығыны өтеліп, кәсібі бірте-бірте қалыпқа түсіп келеді.
Қанат Жалғасов, кәсіпкер:
- Менде 45-50 мың теңге жобасындағы сағаттар болатын. Көз әйнектерден қымбаттары 8500-9000 теңге. «Не үшін ұрлап жатырсың?», - деп сұрағанда, бір қыз: «Қосымша ақша», - деп жауап берді.
Заттарының төрттен бірі ғана қалыпты. Қанат Жалғасов оларды 6 қаңтар күні үйіне алып кеткенін айтады. «Шығын көлемі шамамен 6 миллион теңгеге жуық», - дейді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов