Дәрігерлер қаңтар оқиғасын қорқынышпен еске алады
Алматыдағы № 12 орталық клиникалық ауруханасындағы ақ халаттылар 6 күн бойы үй көрмей жұмыс істеген. Дәл сол күндері ауруханаға түрлі жарақатпен түскен 200-ге жуық адамға көмек көрсеткен медицина мамандары өткенді қорқынышпен еске алады.
Алматыдағы № 12 клиникалық ауруханасында 21 жыл бойы табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан Ерболат Әділбеков: «Қаңтар оқиғасы ешқашан естен шықпайды», - деп отыр. Дәл осы ауруханада жай күндері 15-20 адамға операция жасалса, 5 қаңтар күні 149 адамға операция жасалған. Тәжірибелі анестезиолог мұндай жағдай аурухана тарихында бұрын-соңды болмағанын айтады.
Ерболат Әділбеков, жоғарғы санаттағы дәрігер:
- Ол адамдардың барлығы өте ауыр жағдайда түсті. Өйткені көпшілігіне оқ тиген. Ашық жаралармен түсті. Осындағы әріптестерімізге рақмет! Осылай бір ұжым болып, бір ауыздан барлық жұмысты қолдан келгенше атқарып шығамыз.
Осындай қиын кезеңде ауызбіршілік танытқан қызметкерлерге аурухана басшыларының айтар алғысы зор. Тек дәрігерлер емес жарақат алушыларға алғашқы көмек көрсеткен медбикелердің де еңбегі ерен. Олар науқастарды сабырға шақырып, психологиялық жағынан қолдауға тырысқан.
Жанар Тұрғанбекқызы, медбике:
- Әрине, қорқыныш, үрей болды. Осы мамандықты таңдағандықтан, оны тастап кетіп қалсақ, өте ұят деп ойлаймын. Антымызға адалдық танытып, өз міндетімізді орындадық.
Қаңтардың ызғарлы күндері анттарына адалдық танытқан дәрігерлерге жұрттың да айтар алғысы шексіз.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов