Ұлытау облысының құрылуы сол өңірдегі елді мекендердің дамуына жаңа серпін береді
«Егер өңірдің өндірістік әлеуетін, туризм мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланса, талай шаруаның басы қайрылғалы тұр», – дейді жергілікті жұрт. Әлімхан Исмағұл ақсақалдың отбасы 10 жылдан бері 60 шақырым жердегі бұлақтан су тасып ішеді. Бір барғанда 5 литрлік 80 құтыны толтырып әкеледі. Ал дәмі кермек татитын кран суын тек шаруашылық мақсатқа ғана пайдаланады екен.
Әлімхан Ысмағұл, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Краннан аққан суды біз тамаққа, ішуге қолданбаймыз. Халықтың барлығының оны тасып ішуге шамасы да келмейді. Бүйректің ауруы, асқазанның ауруы, онкологиялық ауру біздің қаламызда өте көп.
Жезқазған қаласының тұрғындары 60 жыл болды ауызсудың зардабын тартып келеді. Себебі тіршілік нәрін ашық жатқан Кеңгір су қоймасынан алады. Оның сапасы сын көтермейді. Ал жерасты су көздерінен тартылған құбырлардың әлдеқашан тоз-тозы шыққан. Оны жаңаламай бұл мәселе шешілмейді.
Берік Төребеков, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:
- Су құбыры әбден тозығына жеткен. Сондықтан қазір тапсырмаға сәйкес бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттары толығымен дайындалып, осы ақпан айында мемлекеттік сараптамаға енгізілді. «Өңірлік даму бағдарламасы» бойынша Жезқазғанда қазір 219 шақырымды құрайтын ішкі құбырларды ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда соның 75% орындалып бітті.
Қазір Қарағанды өңіріндегі апатты үйлері ең көп қала – Жезқазған. Бас жоспарға сәйкес алдағы бес жылда мұнда 262 үй сүрілуі тиіс. Бірақ ондағы тұрғындарды өзге баспанамен қамту мәселесі қиындық тудырып келген еді. 1Енді облыс орталығына айналса, бұл мәселе шешіледі1, – дейді шаһар басшысы.
Қайрат Әбсаттар, Жезқазған қаласының әкімі:
- Біз моноқала болған кезде осы механизмді қолдану мүмкін болмады. Енді облыс орталығы болып үйдің, жердің өзі сұранысқа ие болған кезде бұл механизмге кәсіпкерлік тарапынан қызығушылық болады.
Жезді өңірдің жеке дара облыс болуы – көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Жұрттың қуанышында шек жоқ. Себебі кезінде облыс мәртебесінен айырылған бұл өңірде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені рас. Енді аймаққа ерекше көңіл бөлініп, біраз шаруалар шешіледі деген сенімде.
Құлымбет Бірімжанов, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Бір салаға тәуелді қалалардың бірі біз едік. Енді облыс болсақ, бізге жан-жақтан ресурстар, капитал, инвестиция келеді деген сөз. Біздің жастарымыз енді басқа облысқа, басқа қалаларға кетпейтін болады.
Руслан Төлен, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Біз үшін өте үлкен серпіліс, өте үлкен көңіл-күй сыйлаған сәт болды. Жұмыс орындары, оқу орындары, спорт орындары ашылады деген сөз.
Қазір мұнда металлургиялық комбинат пен кен шахталары жұмыс істейді. Бір ғана Жезқазған қаласында 6 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар екен. Алдағы уақытта Ұлытау облысы орталығының бас жоспары қайта қаралып, әкімшілік ғимараттар, кадрмен қамту мәселелері жүйелі іске аспақ.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев