Елордадағы боран: 160 жол-көлік оқиғасы тіркелді
Республикалық маңызы бар жолдар жабылып, ұшақтардың рейсі кейінге шегерілді.
Табиғаттың тосын мінезі құтқарушыларды да әбігерге салды. Бірі жолда қалғандарды қар құрсауынан арашаласа, енді бірі құлаған шатырлардың шығынын анықтауда.
Наурыздың соңында қардың көбесі сөгіліп, күн жылына ма деп жүргенде ауа райынан мұндай тосынсыйды ешкім күткен жоқ шығар. Шымкенттен басқа өңірлердің барлығында дауылды ескерту жарияланып, табиғат ашуға булықты. Ақ түтек боранның кесірінен тек елорданың өзінде өткен тәулікте 160 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қаладан шығатын жолдар жабылып, қала маңында жүретін автобустар қатынай алмады. Әуежай болса уақытша жұмысын тоқтатса, пойыздар рейсі кешікті.
Кеше Алматы қаласында да күн күрт құбылды. Таңертең аспан шайдай ашық тұрғанымен, түс ауа алай-түлей жел тұрған. Ағаштар құлап, көліктерді басыпты. Бірнеше тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратының шатырына зақым келген. Желден тіпті әуежайдағы ұшақтың бірі қозғалған. Абырой болғанда жаппа шеккендер жоқ.
Атырауда қатты желдің кесірінен балабақшалар мен тұрғын үйлердің шатыры ұшып, қасбеттері опырылып құлады. Дауыл қаланың орталық көшелерінде орналасқан 15 тұрғын үйдің шатырын жұлған. Сондай-ақ екі балабақша мен медициналық мекемелердің ғимаратына зақым келген.
Жолдағы ахуал да алаңдатарлық. Алты өңірде республикалық маңызы бар автожолдар әлі жабық. Көбіне азаматтар дауылды ескертуге мән бермей, алыс сапарға шығыпты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өткен тәулікте құтқару бөлімшелері Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай облыстарында 814 адамды, оның ішінде 101 бала мен үш жүкті келіншекті құтқарып, эвакуациялаған. Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 539 қызметкер мен 277 бірлік техника жұмылдырылды. Жолдардағы төтенше жағдайларды жою үшін елордада жедел штаб іске кірісті.
Талғат Уәли:
- Жол полициясымен бірге автокөліктердің қала сыртына шығып кетпесі үшін арнайы автобекеттер қойылды. Қала бойынша аялдамадағы автобус күтіп тұрған азаматтарды жеткізіп салу үшін 25 көлік іске қосылды.
Ауа райының тосын мінез танытуы қарағандылық құтқарушыларды да әбіргерге салды. Мұнда жедел штаб іске кірісті. Барлық республикалық және облыстық маңызы бар жол жабылған. Қар құрсауыда қалған 500-ден астам адам эвакуацияланды. Қазір барлық қызмет күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.
Ақылбек Ахметжанов, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Бекеттерге 504 автокөлік жиналды. Оның ішінде 198 жүк көлігі, 300 жеңіл және алты қоғамдық көлік бар. Кеше 19:00-ден бастап қазірге дейін 17 авариялық құтқару және екі іздестіру жұмыстары жүргізілді. Оның барысында 252 адам құтқарылды. Оның 28-і бала.
Ал Ақмола облысында 87 елді мекендегі 40 мыңнан астам абонент электр жарығынсыз қалды. Елордаға қарасты 18 елді мекен мен қаланың оң жағалауындағы бірқатар көшеде де кеше жарық өшті. Ал сағат 21:00-ден аса қатты желдің салдарынан «Қазмедиа орталығы» ғимаратының электрмен жабдықтау жүйесі зақымданып, өрт шықты. Осыған байланысты, мекемеде хабар тарататын республикалық теле-радио арналар тікелей эфирдегі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
Юрий Федеров, Қазмедиа орталығының өрт қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы:
- Қатты желдің салдарынан қар вентиляцияға түсіп, энергоблокқа жеткен. Ол еріп, батареяға тигендіктен, қысқа тұйықталу болып, өрт шықты. Ең алдымен, мекемедегі автотұрақты түтін басты. Бірақ отты автоматты өрт сөндіру қондырғылары өзі өшірген. Жапа шеккендер жоқ.
Ауа райы біраз тұрақталғанына қарамастан, елордада желдің екпіні күшті. Желі қолданушылары бұл күнді тіпті 58 ақпан деп те атап жүр. Қазақта «Сәуір болмай, тәуір болмас» демекші, алдағы бар үміт сәуір айының жылы күндерінде деп сенеміз.
Авторлары: Дана Алиева, Тоқтар Терлікбаев, Мұхамбетәли Тілдебаев