Алматы – Бішкек күрежолындағы өткел құрылысының тоқтауына не себеп?
Адамдар екі ауылды бөліп тұрған республикалық жолды «жаяу жүргіншілерге» арналған өткел арқылы кесіп өтеді.
Есесіне автомобильдердің қозғалысын тежейді. Өңір үшін маңызды көпірдің құрылысы неліктен ұзаққа созылып кетті?
Алматыдан шыққандағы төртжолақты жол Кемертоған мен Райымбек ауылына келгенде тарылып, көлік кептелісі еселене түседі. Таңертеңмен қалаға кірерде, кешкісін шығарда, осы жерден тез өтіп кету кез келген жүргізушінің арманы десек болады. Қазір көлік ағынына жаяу жүргіншілер жолағы кедергі келтіреді. Ал кептеліс болмаған күннің өзінде бұл жер адам үшін қауіпті. Өйткені ертелі-кеш жүйіткіген көліктердің тоқтауы да қиын.
Жолаушыларға арналған жерүсті өткелі мен автокөліктерге қажет эстакаданың құрылысы 2020 жылы басталған. Оған мемлекеттік бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. Бірақ көп ұзамай құрылыс тоқтап қалады.
Нұрқат Ақылтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ филиалы директорының орынбасары:
- Алдыңғы мердігер компания жоспар бойынша 2022 жылдың ішінде бітіру керек болған. Бірақ 2021 жылдың өзінде жұмыс қарқыны дұрыс жүрмегендіктен, біз келісімшартты үзуге тиісті болдық. Өзінің көптеген себебі бар. Өздеріңіз білесіздер, пандемияның кесірінен көптеген құрылыс материалының бағасы қымбаттап кетті.
Мамандардың айтуынша, қазір жоба құны қайта қаралып жатқан көрінеді. Яғни «Дәулет ДорСтрой» мердігер компаниясы бітіре алмаған құрылыс жұмыстарын енді қандай компанияның жалғастыратыны әзірге белгісіз. Осылайша, жол азабын тартып жүрген жұрттың талап-тілегі биыл орындалмайтын секілді.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов