«АрселорМиттал Теміртау» қызметкерлері оқушыларға цех жұмысын таныстырды
Жоғары сынып оқушылары экскурсия барысында комбинаттың цехтарын, өндіріс орындарын аралап, білікті мамандардан өздерін мазалаған сауалдарға жауап алды. Тіпті кейбірі аталған шарадан кейін металлург болатынын айтты.
Мыңдаған градуста болаттың қорғасындай балқып, кейін адам қалаған бейнеге келетінін күнде көре бермейсің. Теміртау қаласындағы алып комбинат өкілдері балаларға осындай мүмкіндік жасап отыр. Мамандық таңдаудың алдында тұрған оларға цехтің барлық ерекшелігі көрсетілді.
Николай Кытманов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету бойынша цех бастығының орынбасары:
- Бұл жер «станоктар паркі» деп аталады. Осында құрал-саймандардың барлығын өзіміз жасап шығарамыз. Бізге қажет детальдардың сызбасын жасап береді. Бұл зауыттың аса маңызды бөлігі болып есептеледі. Бізге аса тәжірибелі мамандар қашанда керек.
Балалар слесарь, токарь, машинист сынды өндірісте аса қажет мамандардың қиын жұмысымен танысып, меткомбинаттың жүрегі саналатын домна өндірісін көрді. Шойынды майша шайқап, кейін конверттік цех арқылы болатқа айналдыру балалардың таңданысын тудырған.
Данил, мектеп оқушысы:
- Шынымды айтсам, осындағы цехтердің іші суық әрі жұмыс істеуге ыңғайсыз деп ойлайтынмын. Мүлде олай емес екен. Оқуымды аяқтаған соң, осында жұмысқа келемін деп жоспарлай бастадым. Әсіресе вагон цехі ерекше таңғалдырды.
Бұдан өзге оқушылар машинистердің жұмысымен танысып, пойызды басқаруға мүмкіндік алды. Атап өткен жөн, тек осы комбинатта сегіз теміржол станциясы бар, ондағы шойын жолдың ұзындығы 300 шақырымнан асады. 50 локомотив пен 1 500-ден астам вагон тіркелген.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Аслан Демесбаев