Көкпаршы қыз Ева Жигалина: жақтайтындар да, даттайтындар да бар
Бұл сауал төңірегіндегі пікірлер екіге жарылды. Белгілі көкпаршылар мен жаттықтырушылар: «Қыз баланың көкпар тартқаны дұрыс емес», – дейді. Енді бірі онда тұрған еш сөкеттік жоқ деген пікірде. Даудың басы Алматы облысының тумасы Ева Жигалина есімді шабандоздың көкпарға араласуынан басталғанын да айта кетейік.
Қаскелеңдік Ева Жигалина – 6 жасынан атқа мініп өскен әккі шабандоздың бірі. Оны «орыс қызы» деп жүргендер қателеседі. Еваның ұлты – казак. Ата-бабасы кәдімгі Дон казактарынан тарайды. Жастайынан ат құлағында ойнап өскен қыз бүгінде қазақтың ұлттық ойыны бәйге мен көкпарға ат дайындаумен айналысып жүр.
Ева Жигалина, көкпаршы:
- Мен көкпарға атты жер-жерден іздеп жүріп таңдаймын. Дончак пен Қостанай тұқымы көкпар тартқанға өте қолайлы. Мына Самсон есімді атымды 3 жасынан баптадым. Қазір ол топқа бұзып-жарып кіретін кәсіби ойыншыға айналды.
Қарасай ауданының көкпаршылары Ева Жигалинаны «Амазонка» лақап атымен жақсы таниды. Оның өнеріне тәнті болған ауыл ақсақалдарының Ева палуанға ақ батасын берген кездері де аз емес.
Самат Жұмағалиев, атбегі:
- Өзімнің анам да қойшының қызы болған, осы көкпар тартып өскен. Енді бұл қыздың да талабы бар. Оған ешкім «тарт-тартпа» деп шектеу қоя алмайды ғой. Тартқаны дұрыс. Көкпарды талай ер адамнан жақсы тартады.
Ева Жигалина мен оның жұбайы Тельман Мусаев осы атбегілік өнердің арқасында танысып, табысқан. Екеуі 2015 жылдан бері Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» атшабарының іргесінен жылқы фермасын ашып, бәйгеге шауып, көкпарға түсетін сәйгүліктерді баптаумен айналысып келеді.
Тельман Мусаев, атбегі:
- Мен Евамен танысқанда көкпар тартып жүрген. Ол – оның хоббиі, сүйікті ісі. Жанында көкпар тартып жүрген жігіттер бұған қарсы емес. Өзі атты жақсы көреді. Оған енді қалай бармайды?
Ева Жигалина, көкпаршы:
- Құлындарды Польшадан, Ресейден алдырамыз. Бұл – бейнеті өте ауыр еңбек. Ыстық-суыққа қарамаймын. Күніне 3-4 сағат атқа мінемін.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Авангард атты тұлпар Ресейден әкелінген. Биыл дөнен шықты. Жалпы ат баптау оңай емес және ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қазір көкпарға дайындалған аттардың құны нарықта 10 миллион теңгеге дейін тұрады.
Ал Еуропа елдері мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі асылтұқымды сәйгүліктердің бағасы бұдан бірнеше есе қымбат. Шынын айту керек, біздің бүгінгі жаппай көкпар төңірегіндегі ойымыздың өзі көкпарға түскен серкедей болды. «Оны дамыту үшін алдымен ережесін жөндесін, салымға көңіл бөлсін! Қыз бала көкпар тартсын, тартпасын!» деп әлі даурығып жүрміз. Сөз соңында Еуропа елдерінің қыздар командасын жасақтап, қазақтың ұлттық спорт түрі ретінде патенттелген көкпар ойынын жан-жақты дамытуға көшкенін де айта кетейік...
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев