ШҚО-дағы Үржарға апаратын жол сапасы сын көтермейді
«Талдықорған – Өскемен» бағыты әлі салынып біткен жоқ. Ал айналма жолдар нағыз сынақ алаңы дерсіз. Алдағы уақытта Үржарға ұшақ қатынайды деген жаңалық шыдамы таусылған жұрттың көңіліне үміт ұялатты.
Жол азабын жүрген біледі. Жеңіл көлікпен жүйтки алмай, аяңдап келе жатқан бұл жолаушылар Семейден Мақаншыға бет алыпты. Алайда шұрық-тесік жолдың кесірінен автокөліктің талай тетігі кеткен. Көлік ішіндегілердің де денсаулығы сыр бере бастапты.
Бәтима Төлепова, жолаушы:
- Ауырып отырмын. Міне, өте нашармын. Қалай жетеміз? Мақаншыға жеткенше, әлі қайда? Кеше шыққанбыз, әлі келе жатырмыз. Жол нашар, машина тұрып қалды. Жол жоқ деуге болады.
Жүргенінен тұрғаны көп жолаушылар жол бойында жетіп артылады. Бәрінің шыдамы бітіп, төзімі таусылған.
Андрей Бортовских, көлік жүргізушісі:
- Міне, көлік сынды. Семейден шыққалы алты сағаттай болды. Мына жолды тездетіп аяқтамаса, ел-жұртқа обал. Көліктерінен түк қалмайды.
Жолды қайта жөндеп жатқандардың жұмысы мандыр емес. Олар сол жердегі айналма жолдың сапасына да жауапты. Алайда ол жағы да ақсап тұр.
Айдос Қалыбаев, Жол активтері ұлттық сапа орталығы филиалының инженері:
- Қыстың бәрін қоса айтсақ, 30 шақты рет шықтық, 21 кемшілік анықталды. Тапсырыс беруші мекеме мен жолды салып жатқан мекеме күтіп ұстауы тиіс, соларға кемшіліктерді хатқа жазып жібереміз, осы кемшіліктердің орындалуын, ақаулардың жойылуын қадағалаймыз.
Көктемде бұл жолда бір оське 8 тоннадан астам салмақ түспеуі қажет. Бірақ бұл талапты ешкім ескермейді. Сөйтіп айналма жол жүк көліктері жүріп өткен соң, ми батпаққа айналады. Бұны көрген халық тақтайдай түзу трассадан күдер үзе бастады. Ендігі үміттері «әуеде». Өйткені қазір әуежай жөнделіп жатыр.
Мұнда заманауи құралдармен жабдықталған орталықтандырылған тарату пункті ашылды. Ұшу жолағы ұзартылып, бақылау мұнарасы биіктетілді. Ұшақтар бір-біріне кедергі келтірмеу үшін бағыттауыш жолдар да салынды. Енді жолаушылар ағыны 2-3 есе өседі.
Тимур Хасиетов, Әуежайды қайта жөндеу жобасы жетекшісінің орынбасары:
- Жарықты-ескерту құралы монтаждалған соң, 10 әуе көлігін қабылдай алады. Әрбірінде 100 адам десек, тәулігіне мыңнан астам жолаушы ұшып келеді.
Мамандардың айтуынша, жұмыс бекітілген кестеден ерте аяқталып, яғни маусым айында әуежай алғашқы ұшақты қабылдауы мүмкін.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов