Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында орталық аурухана жоқ
Ем-дом іздеген науқастар облыс орталығына немесе өзге өңірлерге сабылуға мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті әкімдік соңғы 5 жыл бойы халықты жаңа аурухана салынады деп сендіріп келген. Алайда мәселе шешілетін емес.
Мұнайлы – өңірдегі демографиялық көрсеткіші жоғары аудан. Маңғыстауға көшіп келген оралмандар да осында қоныстанады. Сондықтан халық саны жыл сайын 10 мыңға өсіп жатыр. Тұрғындардың айтары бір. Ауданға аурухана керек, қалаға қатынап шаршаған.
Тұрғындардың айтуынша, Мұнайлыда медициналық нысан аз. Әзірге 7 амбулатория мен 8 емхана бар. Ал аурухана қызметі 2019 жылы қаладағы жекеменшік клиникаға сенімгерлік басқаруға берілген. Науқастардың айтуынша, 65 төсек-орын аздық етеді. Қазір ауданда тек күндізгі стационар ғана қолжетімді. 1 жылда 2600 науқас ем алыпты.
Әйгерім Ашықбаева, тілші:
- Аудандағы емханада 14 орындық осы күндізгі стационар ғана бар. Мұнда күніне мамандардың айтуынша, 50 шақты адам келеді. Кейде науқастардың кезек күтіп қалатын кездері болады екен. Таңертең 08:00-ден кешкі 17:00-ге дейін 2 медбике науқастарға осы жерде ем-шара жасайды.
Мұнайлыда кадр тапшылығы да сезіледі. Жас мамандардың ауылға барғысы жоқ. Қалада жұмыс істегенді жөн санайды.
Жанар Досжанова, Мұнайлы аудандық емхананың директоры:
- Жалпы телімдік дәрігер 7-еу, балалар кардиологы, балалар инфекционисті, травматолог, ересектер эндокринологы және узи маман жетіспейді. Қазіргі таңда дәрігер тапшылығы Қызылтөбе мен Батыр дәрігерлік амбулаториясына жетіспейді.
Осыдан 5 жыл бұрын 150 орындық орталық аурухана салынатыны айтылған болатын. Жоба тек биыл қолға алынбақ.
Махмуд Қалжанов, Мұнайлы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Биылғы бөлінген қаржысы – 2 млрд теңге, жалпы келісімшарт құны 11,8 млрд теңге деп белгіленген. Құрылыс ұзақтығы 13 ай болуы керек. 6 негізгі блоктан тұрады, оның ішінде медициналық жабдықтармен 5 блок жабдықталады. Бүгінде жер қазу жұмыстары басталды.
Алдағы уақытта көпбейінді ауруханада перзентхана, жұқпалы аурулар бөлімшесі, балалар бөлімшесі, хирургия, терапиялық бөлімшелер болады деп жоспарланған. Ал кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін өзге өңірлерден шақырылған дәрігерлерге Маңғыстау ауылынан тұрғын үй салынбақ.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев