ШҚО-дағы Белоусовка кентінің тұрғындары 2 жылдан бері ауызсудың азабын тартып келеді
Ал құбырдан тамшылаған судың сапасы да сын көтермейді. Коммуналдық қызмет мамандары су жүйесіндегі ақауды жаңа қондырғының дұрыс іске қосылмауымен байланыстырады. Жергілікті тұрғындар мұнымен келіспейді.
Кентке тартылған су құбырының қазіргі жағдайы шынында да аянышты. Салақ жүргізген жұмыстың салдарынан су жинайтын құдықтан тіршілік нәрі тасып, сыртқа төгіліп жатыр. Тұрғындар амалсыздан бөгеттер тұрғызып тастапты. Осылайша, ішерге таппай отырған су текке рәсуа болуда.
Бұл – жергілікті агроколледждің жатақханасы. Ғимаратта судың тапшылығынан кір жуатын орын жабық тұр. Студенттер апталап жуынбай жүретінге ұқсайды. Мұндай жағдайда санитарлық талаптар мен тазалық жөнінде айтудың өзі артық.
Нұрлан Әлқожанов, Белоусовка агроколледжінің қызметкері:
- Су тапшылығы жатақхана жұмысына үнемі кедергі келтіреді. Жүздеген баланың тамағын дайындайтын, жуынатын суын тасымалдап, күнелтіп отырмыз. Себебі су құбырына қараған күн қараң.
Мәселені шешу үшін тұрғындар бір жыл бойы күресіп келеді. Белсенді топ ауданды қойып, облыстық әкімдіктің табалдырығын тоздырыпты.
Сапасыз салынған су құбырының құрылысына жауаптыны іздеп, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасына хабарластық. Ондағылар «Белоусовкадағы су құбырына негізгі тапсырыс беруші аудандық әкімдік жауапты» дегенді алға тартты.
Алма Қайрақанова,Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Жергілікті өзін-өзі басқару заңы бойынша аудан әкімі тапсырыс беруші ретінде жауапты болып танылады. Ал ол не құрылыс бөлімшесі, не қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы мердігерді анықтайды. Әрі қарай құрылыс сапасына да солар жауапты болады.
Қалалық, аудандық әкімдіктің құзырында өңірді сумен қамтуға арналған 36 миллиард бюджетімен 62 жоба бар. Олардың жүйелі жүзеге асуын жергілікті шенділер бақылайды. Сөйте тұра, Белоусовка кентінің басшылығы миллиардтар жұмсалған ауызсу құбырының қашан аяқталарын ашып айта алмады.
Татьяна Селезнёва, Белоусовка кентінің әкімі:
- Алдағы уақытта бәрі түзеледі. Құбырды жайғастыру жұмыстары осы жылдың аяғына қарай бітуі тиіс. Сол кезде ауызсу мәселесі толық шешімін табады. Бірақ анық мерзімін айта алмаймын.
Мұндай құйтырқы жауап кент тұрғындарын қанағаттандыра алмайтыны белгілі. Сондықтан олар техникалық сараптама арқылы жобаға кеткен миллиардтаған ақшаның дұрыс игерілмегенін заң бойынша дәлелдеуді діттеп отыр.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин