Қостанай облысының Ұзынағаш ауылына жету мұңға айналды
Сол себепті бұл жаққа қатынас сирек, басқаларға қарағанда азық-түлік қымбат. Біздің арнаға Ұзынағаш ауылының тұрғындары осылай деп шағымданды.
Ел аузында бүрынғы совхоз атауымен «Қаратал» деп жиі айтылатын Ұзынағаш ауылы Ресеймен дәл шекара түбінде орналасқан. Екі араны Тобыл өзені ғана бөліп тұр. Жалпы жері құнарлы, шөбі шүйгін бұл аумақта бес-алты ауыл бар. Міне соларды аудан орталығы Боровскоймен байланыстыратын жалғыз күре жол өткен ғасырдың 70-ші жылдары салыныпты, содан бері жөнді жөндеу көрмеген.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Аудан орталығы Меңдіқарадан Ұзынағашқа дейінгі аралық 60 шақырым. Екі жыл бұрын соның жартысына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан әрі асфальт атымен жоқ. Ойлы-шұңқырлы, жаңбыр жауса, милы батпақ. Сондықтан осы тұстан Ұзынағашқа дейін жеткенше жол азабын тартуға тура келеді.
«Бір жол бар, жақын да болса, алыс» дегенді осы Боровскойдан Ұзынағашқа дейінгі аралыққа қарата айтылғандай. Ойдым-ойдым, кедір-бұдыр, шоқалақ, діттеген жерімізге жеткенше діңкемізді құртты. 30 шақырымдық қашықтыққа бір жарым сағат уақыт жоғалттық. Біз келгенде ауыл адамдары жиналып, жолдың тесік-шұрығын күл-құммен бітеп жатыр екен.
Мағзұм Әбішев, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
- 18 шақырымға дейінгі жерде Жарқайың ауылы, соған дейін жетеміз. Ар жағын тегістеп бере ме деп Үкіметке сеніп отырмыз. Жоқ. Көретін күніміз осы. Ертең жүк көліктері жүрген кезде бәрін ойып-ойып, дым қалдырмай кетеді. Біздікі уақытша істеу.
Ауылдағы көліктердің дені тозған. Алды жұлынған, арты майысқандар көп. «Жаман жол темірді шыдатпайды» дейді.
Манарбек Әбдірахманов, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
- Қысы-жазы көретін күніміз осы. Қыс болса, қар басып қалады. Ал жаз болса, мінеки, шұңқыр. Келген адам көлігінің астын соғады. Адам, әрине, ауырмай тұрмайды, бәрімізде пендеміз. Мынадай бола тұра, біз қай кезде ауруханаға жетеміз.
Жедел жәрдем, басқа да қызмет көліктері бұл жаққа келгісі жоқ. Жол азабынан Ұзынағаш ауылында басқаларға қарағанда азық-түлік бағасы да қымбат.
Бақыт Мырзағалиева, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
- Біз нанды жетісіне бір рет қана аламыз. Олар бізге келісімді солай ғана берді. «Сіздердің жолдарыңыз жаман», – дейді. Расымен олардың көліктері келсе, сынып кетеді. Бір жетіге 10-15 наннан аламыз да, мұздатқышқа салып қоямыз. Енді не істейміз?
Манаш Қозыбаев, Оразақ Смағұлұлы сияқты атақты академик ғалымдарды дүниеге әкелген киелі мекеннің бүгінде құты қаша бастаған. Қатынас қиындығынан шекара түбіндегі қазақы ауылдардан жұрт үдіре көшіп жатыр. Ал аудандық әкімдіктегілер: «Қолымыздан келгенше қам-қарекет жасап жатырмыз», – дейді.
Николай Гулаков, Меңдіқара аудандық ТКШ жолаушылыр көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:
- Біз дайындаған техникалық құжат автокөлік комитетінің ведомстволық сараптамасынан өтті. Олар оң бағасын берді. Сосын осы жол аумағын 2023-2025 жылдардағы басым бағытты бағдарламаға енгізу туралы облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік басқармасына тапсырыс бердік. Әзірге жауап келген жоқ. Айта кетейін, Ұзынағашқа дейінгі жолды жөндеуге 1,8 млрд теңге қажет.
Біздің білгеніміз, биыл Боровской-Ұзынағаш аралығындағы жолдың бес шақырым бөлігі ғана жөнделеді екен. Қалғаны қай жылға қалдырылатындығы беймәлім.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг