СҚО-да Пеньково ауылының тұрғындары таза судан таршылық көріп отыр
900-ден астам үй түтін түтетіп отырған елді мекенде тұрғындар тіршілік нәрін қаладан тасып ішуге мәжбүр. Осылайша, аталған мәселе уақыт өткен сайын күрделеніп барады.
Қызылжар ауданына қарасты Пеньково ауылы облыс орталығынан он шақырымдай ғана жерде орналасқан. Тұрғындар қала іргесінде тұрса да, таза судан таршылық көріп отыр.
Қайырбай Мағжанов, Пеньково ауылының тұрғыны:
- Көлігі барлар қаладан тасып ішеді, ал көлігі жоқтар құдықтан алып ішеді. Бұл су ішуге жарамсыз. Жай ыдыс-аяқ жууға ғана жарайды. Бірақ амал жоқ, ішесің. Баяғы Кеңес үкіметі замамында бәріне су тартты. Мен осы жерден 200 шақырым жерде тұрғанмын. 70-ші жылдары бізге су келді. Ал мында әлі жоқ.
Қазір ауылда 900-ден астам шаңырақ бар. Халықтың көбі өздері құдық қазып алған. Алайда жер астында су тапшы. Салдарынан ауылдағы ағайын бау-бақшамен де айналыса алмай отыр.
Ардақ Құдайбергенова, Пеньково ауылының тұрғыны:
- Құдықтағы су кір жууға да жетпей қалады. Оның өзінде лас. Ауылда тұрған соң, мал ұстасақ дейміз. Бірақ мүмкіндік жоқ. Ішуге жолдасым қаладан ала келеді. Әркез үнемдеп отырамыз. Қиын, әрине.
Аталған елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі мүлде болмаған. Мәселені шешу үшін 2018 жылы Соколов топтық су құбырын жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі басталған еді. Алайда қазір шаруалар тоқтап тұр.
Сабыр Ештаев, Пеньково ауылының тұрғыны:
- Талай жыл суды күтіп отырмыз. Қаладан 10 шақырым жер. Ұят емес пе?! Бізге тіпті обал. Биыл су жоқ. Қыс бойы бір-бірімізден су тасыдық.
Жобаны «Қазбайлық Астана» серіктестігі жүзеге асыруы тиіс еді. Алайда жұмыстарға немқұрайлы қараған бас мердігердің ісі сотқа жетті.
Қуандық Шоқыбаев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
- Сәуір айында сот процесі толығымен аяқталуы керек. Мен жақында жобалау институтында болдым. Қазір жобаға сараптама жасалып жатыр. Сметалық құжаттар мамыр айында дайын болады. Комитеттің мәліметінше, осы жұмыстардан соң құрылыс басталады.
Жергілікті биліктің мәліметше, бұл жоба 2023 жылы аяқталады. Сол кезде 9 мыңға жуық халық тұратын оннан астам елді мекен таза сумен қамталады.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев