Аралдағы Көкарал бөгеті апатты жағдайда тұр
Ұзындығы 13 шақырымдық алып тоспаның жарты шақырымы сумен желініп, теңіз толқыны бөгет қорғандарына зақым келтіре бастаған. «Гидронысанды жөндеудің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, құжаттары дайын болса да, сараптамасы ұзаққа созылып кетті», – дейді жергілікті су шаруашылығының мамандары.
Оның үстіне дариядан Аралға су өте аз мөлшерде жетеді. Тіршілік нәрі жеткіліксіз болса, қайта айналып соққан қуаңшылықтың зардабы да өте ауыр болмақ.
Орталық Азияға ортақ Сырдарияны пайдалануда мәселе ұшан-теңіз. Өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзеннің жолай ретсіз іркілетін тұстары көп. Тіршілік нәрін белгілеу, бөлу, есептеу жүйеленбегендіктен, ашықтық пен әділдік жоқ.
Мұрат Мұхамедов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Су пайдаланушы республикалардың бірде-біреуі суды тиімді пайдаланбайды. Бізге келе жатқан судың 60% шығынға ұшыратамыз. Еуропалық мемлекеттер 160-180 литр су пайдаланса, біз 25 мың литр суды 1 гектарға пайдаланамыз. Бұл – үлкен шығын. Күріш те керек, бірақ Аралдан айырылсақ, мұнда халық тұруы мүмкін емес.
Өткен жылы әр ауданнан жем-шөп сұрап, қыстан әупірімдеп шыққан шаруалар өз қотырын өзі қасуға көшті. Мал азығын теңіздің маңайына егіп, өз күшімен орып алған тиімді екенін енді түсінгендей. Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалау үшін бұған дейін егіншіліктен ауылы алыс болған аралдықтар тыңнан түрен салуы қажет.
Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:
- Қуаңшылықтың қайталанбайтынына ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытудың үшжылдық жол картасын қабылдағанбыз. Соның негізінде биыл 800 гектар егін егеміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шара.
Жоғарыда айтқан Көкаралға оралсақ, тоспаның сызат түскен 450 метрі тез арада жөнделмесе, ғасыр жобасына баланған бөгет құрдымға кетпек. Гидронысанды жаңғырту арқылы теңіздің сыйымдылығын арттыруға болатын көрінеді. Ол САРАТС жобасының 2-фазасы аясында жасалмақ.
Нұрлан Алдамжаров, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:
- Судың көлемін 27 млрд текшеге жеткізген кезде балық аулауды 7 мың тоннаға дейін өсірдік. Әрі қарай 50 млрд-қа жеткізсек, балық аулау 2 есе көбейеді. Одан бөлек Арал өңірінің экологиялық жағдайы жақсарады. Сондықтан ол жобаның маңыздылығын ескеріп, қазір 2-кезеңге кіріскелі отырмыз.
Экологиялық апат шеңгелінен толық теңізді құтқару қиын. Бірақ Кіші Аралды сақтап қалу аймақ жұртының үдере көшпеуінің кепілі болмақ.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев