Қостанай облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр
Жаңа пәтер кілттері кезекте тұрған азаматтарға бұйырды. Олар «Отбасы банкінде» депозит ашып, баспананың алғашқы жарнасын жинап, төменгі пайызбен берілген ипотекаға қол жеткізіп отыр. Жалпы аймақта соңғы 3 жыл ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 70 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті.
Бибігүл Байғожина осы сәтті 7 жыл күткен. Көп жыл бойы қызымен бірге ата-анасының үйін паналап келді. Енді бір бөлмелі, жарық әрі жылы пәтердің иесі. Жаңа қонысын жақын арада жиһаздармен толтырамын деп қуанып отыр.
Бибігүл Байғожина, Рудный қаласының тұрғыны:
- 2016 жылы «Отбасы банкінде» шот ашып, ақша жинай бастадым. Енді міне, мақсатыма жеттім. «Нұрлы жер» – тиімді бағдарлама. Ипотеканы тоғыз жылға рәсімдедім. Егер қарызды мерзімінен өтеуді қаласаңыз, онда проценттік мөлшерлемесі азая береді.
Бағдарлама аясында бас-аяғы 60 пәтер берілмек. Дені әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға бұйырады. Бұған дейін кеншілер қаласында тек жалға берілетін үйлер ғана салынып келді.
Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:
- Қостанай облысында қазір мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Биылғы жылдың өзінде ең кемінде 450 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Соның ішінде Рудный қаласының да үлесі өте зор.
«Отбасы банк» операторы болып саналатын мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өңірде жалпы көлемі 70 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Соның арқасында 1 300 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Биыл шамамен тағы көпқабатты 10 үй салу көзделген.
Әділет Жулаев, «Отбасы банкі» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:
- Мемлекеттік бағдарламаның артықшылығы – баспана құнының төмендігінде. Мысалы, бұл үйдегі пәтердің бір шаршы метрі 180 мың теңге. Яғни нарықтық бағадан әлдеқайда арзан. Бұл баға – тек біздің банк салымшылары үшін қолжетімді. Алғашқы жарна талап етілмейді және өз құнынан артық төлеудің қажеті жоқ.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аймақта осымен тоқтамайды. Жыл соңына дейін 19-шағын ауданда және облыс орталығында жаңа үйлер бой көтермек.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров