Павлодардағы Набережное ауылы ауызсуға жарымай отыр
Амалы таусылған тұрғындар тіршілік нәрін Ертістен тасып ішуге мәжбүр. Осылайша, халық бірнеше ай бойы өзен суын ішіп отыр.
Судың жоқтығынан Сәуле Буланованың шағын бақшасы кеуіп қалған. Үйдің жанындағы құлпынай, қияр мен қызанақты суару түгіл, ішерге су жоқ. Тұрғындар тіршілік нәрін өзеннен тасып ішуге мәжбүр.
Сәуле Буланова, Набережное ауылының тұрғыны:
- Суды бөшкеге құямыз, ол тұнуы керек. Кейін сүзгі құралына құямын да қайнатамын. Бұл суды ас әзірлеуде және кір жууда пайдаланамыз. Бұл бөшкеде 200 литр су бар. Күнбе күн 40 литрден тасымалдаймын.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Павлодар қаласының іргесіндегі Набережное ауылында орталықтандырылған су жүйесі осыдан үш жыл бұрын пайда болды. Жобаны жүзеге асыруға 600 млн теңге бөлінді. Су беру станциясы қазіргі уақытта кедергілермен жұмыс істеп тұр. Сондықтан тұрғындар суды Ертістің арнасынан осылай шелектеп алуға мәжбүр.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, орталық станцияда еңбек ететін адам қалмаған. Жалақы аз. «50-60 мың айлық күн көруге жетпейді», – дейді тұрғындар. Сондықтан кәсіпорын толыққанды жұмыс істемей тұр.
Виталий Бруцкий, Григорьевка ауылдық округінің әкімі:
- Су мүлдем жоқ деуге болмайды. Кесте бойынша беруге мәжбүр болдық. Бүгінде қызмет көрсетуші ұйым операторларды көрші ауылдардағы сорғы станцияларынан әкеліп, амалдап жүр. Ең бастысы, станция жұмыс істеп тұр. Қираған жоқ. Тек мамандар керек.
Дәурен Қуанышев, облыстық ТКШ және Энергетика басқармасының бөлім басшысы:
- Бұған дейінгі қызмет көрсетуші ұйым міндеттерін орындамаған. Сондықтан келісімшарт бұзылды. Кейін кадр мәселесі туындады. Сол себепті су беруде кедергілер пайда болды. Қазіргі уақытта мәселені шешу үшін тиісті шаралар қолға алынды.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, суды үздіксіз беру үшін үш маман жеткілікті. Алдағы аптада екі маман жұмысқа қабылданып, іске кіріссе, мәселе түбегейлі шешілмек. Су сапасы да бақылауға алынады. Айта кетейік, бүгінде өңірдегі 352 ауылдың 193-де орталық су жүйесі бар.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат