Хабар телеарнасы

Жетісу облысында ауыл тұрғындары суды тасып ішеді

Жетісу облысындағы Екпінді ауылы тұрғындарының тең жартысы тіршілік нәрін тасып ішеді. Себебі 2008 жылы Алакөл ауданына қарасты елді мекенге ауызсу құбыры толықтай тартылмаған. Салдарынан Қабанбай батыр, Бөрібаев, Бітімбекова, Қапсаламов көшесінің тұрғындары ауызсудан тарығып отыр. Шекаралы аймақ халқының ең өзекті мәселесі қашан шешіледі?

Серік Адасовтың отбасы Қабанбай батыр көшесіндегі үйге 10 жыл бұрын көшіп келген. «Содан бері ауызсуды тасып ішуге мәжбүрміз», - дейді ауыл тұрғыны.  

Серік Адасов,Екпінді ауылының тұрғыны:

- Қыстыгүні шанамен тасимыз. Қоянбай деген ауыл бар, сол жақтан тұмадан әкелеміз. Одан қалса Шорылдағымыз бар. Кезекте тұрамыз. Арғы жақта су бар әйбәт. Бергі жақта су жоқ. Үйге су тартылса, бәрі жақсы болады.

Тұрғындардың су тасу машақатынан құтылар күні алыс емес. Биыл елді мекен көшелеріне 11 шақырым құбыр төселді. Ұңғыма қазылып, мұнара орнатылды. Қазір резервуар салынып жатыр. 460 млн теңгеден аса қаражат бөлінген нысан құрылысы қара күзге дейін аяқталуы тиіс. Ауданға қарасты ауылдардың 85%-і орталық ауызсу жүйесіне қосылған.

Алмас Жұмабеков, Алакөл аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Алакөл ауданының аумағында Көктұма ауылында, Теректі, Тоқжайлау және сонымен қатар Бибақан және Үшбұлақ ауылының су жүйесі қолданысқа беріліп, ауыл тұрғындары сапалы ауызсумен қамтылды. Қазіргі таңда Лепсу ауылдық округінің орталықтандырылған ауызсу жүйесіне мемлекеттік сатып алу порталында конкурс ойнатылуда. Мердігерін анықтауға. Бұл құрылыс 2025 жылға өтпелі болады.

Жетісу облысындағы 22 елді мекенде құбыр тарту сынды құрылыс жұмыстары жүрігізіліп жатыр. Ауызсу жүйесі іске қосылғанда, орталықтандырылған тіршілік нәрін тұтынатын ауылдар саны 91,3%-ке жетеді. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев